Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шілденің 1-нен Ресеймен шектес кеден бекеттері өз жұмысын тоқтатты

 

 

 

Шілде айының алғашқы минуттарынан-ақ, Ресеймен шекаралас жатқан 5 бірдей кеден бекеті жұмысын тоқтатты. Бұл – Қазақстан, Ресей және Беларуссия елдерінің арасында құрылған Кеден одағы аясындағы тағы бір маңызды қадам болды. Осыдан бір жыл бұрын аталған мемлекеттердің аумағында жүретін тауар айналымы кедендік рәсімдеуден босатылғаны мәлім. Енді міне, елдер арасындағы кедендік бақылау да күшін жойды – бүгінгі таңда Кеден одағы аясында сауда-саттық жасайтын азаматтарды әр елдің шекаралық тексерісі ғана сәл бөгемек.

Александр Семенчук, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:
– Ресейден келетін кәсіпкерлер шекарадағы тексерістен ғана өтетін болады. Шекарашыларға өз құжаттарын көрсетіп, сапарларын жалғастыра береді. Тек кейін салық органдарына қосымша құн салығы мен оған жанама салықтарды өтеп, статистика басқармасына санақ мәліметтерін тапсыруы тиіс.
 
Сөйтіп, бүгіненнен бастап, кәсіпкерлер үшін кедендік кедергінің күрмеуі шешілді. Жеңілдікті екі ел арасында қатынап жүрген қарапайым жолаушылар да сезініп үлгерген.

Жолаушылар:
– Жақсы болды, бұрын ұзақ тұратынбыз. Енді тез арада құжатымызды тексертеміз де жүре береміз.
– Шынын айту керек, осыған дейін көп уақыт жоғалтатынбыз. Алдымен Ресейдің кедені тексеріп, құжатымызды қарайды. Қазақстан аумағында бұл үрдіс тағы қайталанады. Осы күні алтын уақытымзды үнемдей аламыз. Енді Қазақстандағы туған- туыстарымызбен жиі қатынасатын болдық.
 
Жұмысын тоқтатқан бекеттерде қызмет еткен кеденшілер қысқартуға ұшыраған. Олардың 61-і ғана оңтүстік шекарада орналасқан департаменттерге ауысыпты.

Гүлнәр Бекболатова, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің кадрлық жұмыс бөлімінің бастығы:

 – Өкінішке қарай, 42 қызметкер қысқарып қалды. Олардың тағдыры облыс әкімшілігінде, департамент басшылығында шешілуде, шаралар қолданылып жатыр. Бұл мақсатта, салық, қаржы, ішкі істер басқармаларына хат жолданған. Орын болған жағдайда олар жұмысқа алынатын болады.

Жаңажол кеден бекетінің кинологы Илларион Ефремов   жұмыссыз қалмайтынына сенімді. Ол жақын күндері көмекшісі Стрелкамен бірге Жамбыл облысына жол тартпақ.

Илларион Ефремов, кинолог:
-Жамбылға барамын. Қазақ тілін білсең, жұмыс табасың.
 
Ал облыстағы өзге 6 кеден бекеті өз жұмысын бұрынғы тәртіпте жалғастыра бермек. Бұл бекеттерде үшінші елдерден келетін тауар рәсімделеді. Одан өзге, алдағы уақытта халықаралық пошта жөнелтімдерін реттейтін жаңа кеден бекеті жұмысын бастамақ.  Қатарлары сиреп қалғанымен, кеден қызметкерлері 3 ел арасында құрылған одақ нақты нәтижесін беріп отырғанын айтады. Өткен жылдың 6 айында Ресейден келетін импорт 145 млн долларды құраса, үстіміздегі жылы 356 млн-ға жеткен. Белоруссиядан келетін тауар 3,8 млн доллардан 12,9 млн долларға дейін артқан. Сондай-ақ, бүгіннен бастап, үшінші елдерден көлік жеткізушілерге берілген жеңілдік те күшін жойды. Департамент қызметкерлері жергілікті жерде құжат тапсырып үлгергендердің барлығы жеңілдетілген рәсімдеуден өткенін хабарлайды. Ендігі кезекте, шетелден көлік әкелушілер кедендес елдерге ортақ тарифтерге бағынбақ.

Гүлмира Шоқтыбаева