Әр түрлі

Ардагерлер «Солнечныйда» денсаулықтарын нығайтуда

 

Қазіргі уақытта “Солнечный” шипажайында 25 адам ем қабылдауда. Мұнда облыс орталығының тұрғындарымен қатар ауданнан келушілердің де қатары қалың. Биыл бұл мақсатта облыс қазынасынан 27 млн теңге көлемінде қаржы бөлініпті.

Ольга Букина, ардагерлер және мүгедектермен жұмыс секторының меңгерушісі:
– 2010 жылдың 12 наурызындағы Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес жыл сайын санаторлық-курорттық ем қабылдау үшін қаржы бөлінеді. Бұл мүмкіндікке соғыс аргерлері мен оларға теңестірілген азаматтар ие бола алады.

Балапан Найкина сауықтыру санаторийіне Шал ақын ауданынан келген. Ол ем қабылдағаннан бері денсаулығының жақсарғанын айтады. Алтын алқа иегері мұндай мүмкіндікке ризашылығын білдірді.

Балапан Найкина, Алтын алқа иегері:
– Жүрек ауруынан аздап ауырыңқыраушы едім.Жақсы қарсы алды. Жағдайымыз жақсы 5 рет тамақтандырады, түрлі-түрлі массаждарға апарады.  

Бұл жерде әр адамның сырқатына қарай арнайы терапия қарастырылыпты. Дем алушылардың сырқатына шипа болуға септесетін құрылғылар да орнатылған. Жапондық марутака аппараты табанға массаж жасауға арналған. Ол шипажайда биылдан бастап қолданылуда. Жаңа құрылғы дем алушылардың көңілінен шыққан көрінеді.

Шарданбай Бүртібаев, еңбек ардагері:
– Менің белім, аяғым ауратын. Санаторийға келгелі біраз жазылдым. Ұнады. Бұйырса тағы келеміз.

Түрлі ем шараларымен қатар дем алушылар табиғат аясында сергіп, серуендей алады. Бірінші жартыжылдықта сауықтыру шипажайында 120  адам ем қабылдады. Жыл соңына дейін тағы да 300-ге жуық азамат еліміздің сауықтыру орындарында денсаулықтарын жақсарту мүмкіндігіне ие болмақ.

 Инеш Шоқақова