Билік

Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі өңірлік кеңес жұмысын бастады

 

Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне – үдемелі индустриализациялауға бет алып отыр. Бұл орайда кәсіптік және техникалық кадрларды даярлаудың маңызы арта түседі. Кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау бағытындағы өзекті мәселелерді елімізде арнайы құрылған Ұлттық кеңес шешетін болады. Ал барлық облыстарда өңірлік кеңестер жұмысын бастады.

 Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
– Өңірлік кеңестер кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғыртуға атсалысады. Бұл саланың білікті мамандарын даярлау күн тәртібінде тұрған мәселе. Алда тұрған міндет – студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету, олардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетіп, білім беру мекемелерінің шетелдік әріптестерімен қарым-қатынас орнатуларына жағдай жасау.

Облыс әкімі төрағалық ететін өңірлік кеңестің құрамына төрт жұмыс тобы кіреді. Олар төрт бағыт бойынша – ауыл шаруашылығы, көлік және құрылыс, энергетика және өнеркәсіп кешені, әлеуметтік-мәдени саланың мамандарын даярлау мақсатында жұмыс жасайтын болады. Әр топқа облыс әкімінің орынбасарлары жетекшілік етеді. Сөйтіп, аталмыш кеңес кәсіптік-техникалық кадрларды әзірлеудегі түйіткілдері шешуде маңызды рөл атқармақ.
Бүгінде облыста 32 орта арнаулы білім беретін оқу орны бар. Олар 67 мамандық бойынша кадр даярлайды. Мамандарды жұмысқа орналастыру көрсеткіші өңірде орташа алғанда 85 пайызды құрайды. Айту керек, кәсіптік-техникалық кадрларды әзірлеуде “Жол картасы” бағдарламасы үлкен көмек болды. Мәселен, екі жылда облыста 1300- ден астам адам мамандық алып шықты. Дегенмен өңірімізде осы күні білікті кадрлар әлі де қажет.

Асқар Сақыпкереев, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
Үстіміздегі жылы жұмыс берушілерден 6 мың 136 өтініш түсті. 4 мың 437 адам жұмысқа орналасты. Дәнекерлеушілер, қырнаушылар, электриктер, компьютер жөндейтін мамандарға сұраныс бар. 2011-2015 жылдар аралығында кәсіптік-техникалық кадрларға сұраныс 17 мың адамды құрамақ.

Жиында білікті мамандар даярлаудағы өзекті мәселелер талқыланды. Бірінші кезекте білім сапасын арттыру қажет. Бұл орайда орта арнауы білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен көңіл бөлген жөн. Жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатудың да маңызы айырықша. Облыс әкімі бұл мәселелерді шешуде өңірлік кеңес жемісті жұмыс атқарады деген сенім білдірді. Жиын соңында Серік Біләлов кәсіптік-техникалық мамандарды әзірлеуге өз үлесін қосып жүрген бірқатар оқу орындары мен кәсіпорындардың жетекшілерін марапаттады.

Айымгүл Әбілева