Әр түрлі

“Бизнестің жол картасы-2020 ” және біліктілік көтеру

 

 

Мұндағы шеберхана Германияның “Knauf” фирмасының құрылғыларымен жабдықталған. Бұл жұмыс сапасы мен жылдамдығын арттыру үшін зор мүмкіндік. Үш ай бойы курсқа қатысушылар құрылыс саласындағы озық технологияларды меңгеріп, үнемді жұмыс жасауға үйренді. Ол үшін колледждің екі оқытушысы Қапшағай қаласында кәсіби біліктілікті шыңдау курстарынан да өтіпті.

Иван Слипецкий, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:
– Арнайы құралдарды қолдану арқылы конструкцияларды шурупсыз жинауға үйрендік. Бұл біз үшін ең қызықтысы болды. Алдағы уақытта да өз білімімізді жетілдіру ойымызда бар.

Шеберханада қолданылатын құралдардың әрқайсысының өз артықшылығы бар. Мысалы,  гипсокартонмен жұмыс жасауға арналған құрылғы 63 келіден астам жүкті 4 метр биіктікке дейін көтере алады. Бұл құрал да өндірісте алғаш рет пайдаланылуда.  Заманауи құрылғының мүмкіндігін іске жарату үшін оның тілін білетін мамандар қажет. Сондықтан аталмыш курстардың өткізілуі маңызды.

Алексей Чернышев, “Ассени” ЖШС жұмысшысы:
– Мен немістің жаңа технологияларын білетін болдым. Сапалы әрі жылдам жұмыс жасауға көмек болатын жаңа құрылғыларды қолданып көрдім. З ай бойы бізге 12188 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленіп тұрды. Бұл да үлкен көмек болды.  

Курстарға “Ассени” серіктестігі мен “Макенов” және “Белов” жеке кәсіпкерліктерінің жұмысшылары қатысты. Іскер азаматтар мұндай курстар жаңа үлгідегі құрылғылармен жұмыс жасай білетін мамандардың санын арттырады деген ойда.

Дмитрий Сысолятин, “Белов” ЖК бас инженері:
– Жаңашылдықтан қорықпаған жөн. Көп нәрседен хабары бар маман ғана нарықта сұранысқа ие болмақ. Технологиялар алға жылжып келеді, біз де қалыспауымыз керек.

Сынақ тапсырылды. Енді құрылыс саласындағы жаңа әдіс-тәсілдерді жұмыс барысында тиімді қолдану қажет.

Инеш Шоқақова