20 игі іс

Пестрое көлі тазартуды қажет етеді

Пестрое көлінің маңында тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай тұрғызылып жатқан стеланың құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айының бірінде басталған. Бүгінде негізгі жұмыстар орталанып қалған. Су торабы мен электр желілерінің 80 пайызы тартылған. Айналасына кеспе тас төселіп жатыр. Жағажайды абаттандыру жұмыстарының да 70 пайызы дайын. Бұл тың іске мердігер ” Жылжымалы мүлікті түгендеу” кәсіпорыны мен “Вант” ЖШС-ге қажетті 149 млн теңге бөлініпті.

Сергей Журавлев, ” Жылжымайтын мүлікті түгендеу” МКК директоры:
– Біз құрылыс бөлімімен келісім жасастық. “Вант” серіктестігі 94 млн. теңгенің жұмысын атқаруы керек. Өзге сома ” Жылжымалы мүлікті түгендеу” көсіпорнына бөлінді. Біздің шаруа тек қана стеланың қасбетін жасау. Барлық негізгі жұмыстардың үштен екісі  “Вант” серіктестігіне тапсырылды.

Алайда табиғат қорғау прокурорлары дабыл қағуда. Қоршаған орта сақшыларының айтуынша, кешенді жұмыстардың кесірінен Пестрое көлі ластанып жатқан көрінеді. Сондықтан құзырлы орган қызметкерлері мердігерлерге су көзін тазалауды қатар жасау керектігін алға тартады. Жиынға қатысқан халық қалаулыларын бұндай немқұрайлықтың неден туындағаны алаңдатып отыр.

Серік Қожанбеков, Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің бастығы:
– Қоршаған ортаны қорғау шараларына бізге қаражат бөлінген жоқ. Жобамызда Пестрое көлін тазарту шаралары қарастырылмаған. Қазір жұмысты тоқтатуға талап қойылды.
Сондықтан біз табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына су көзін тазарту жумыстарына ақша бөлулерін сұрап өтініш жібердік.

Жауап әлі жоқ. Депутаттар қауымы бұл тың шаруа уақыт күттірмейтінін айтады.

Александр Казанцев, қалалық мәслихат депутаты:
 – Жоба құрылғанның өзінде үлгермеуіміз мүмкін. Барлық құрылыс 25-ші тамызға дейін тәмамдалады дерлік. Талапқа сай жоспарланған іс тындырылғаннан кейін ғана су тазаланады. Ол уақытқа дейін шомылу маусымы да жабылады. Меніңше асығыстық жасамай, тиянақтап нақты жоба құрып, бұл шаруаны келесі жылға қалдырған дұрыс деп ойлаймын.  

Жиылғандар бұл істі арнайы құрылған комиссия бақылауы керек деп шешті. Келеңсіздікке тап болып, жоспардан кейін ығысқан құрылысшылар нысанды мерзімінде тапсыру үшін екі ауысым бойынша жұмыс жасауда. Қолайсыз ауа райы да сәл қолбайлау болып тұрған көрінеді. Десе де мердігер компаниялардың жетекшілері көзделген бар жұмыстар тамыздың 25-іне дейін аяқталады деп сендірді.
Отырыста көтерілген тағы бір мәселе – облыс орталығында жүріп жатқан инженерлік желілердің жөнделуі. Қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Серік Қожанбеков биыл “Жас Өркен”, “Береке” аудандары мен Юбилейный мен Шухов көшелері аралығында коммуналдық желілер жаңартылатынын жеткізді. Бұл жерлерде су, жылу құбырлары мен телефон, электр сымдары жаңадан тартылып, суағарлар салу көзделуде. Сметалық жоба дайын.

Жеңіс Ермұқанов