Тәртіптік кеңес отырысы

Билік

15:16 28 Маусым 2011

Ақжар аудандық әділет басқармасын тексеру барысында жеке кәсіпкерлік туралы заңнаманың бұзылғаны анықталып отыр. Атап айтқанда, тіркеу, қайта тіркеу, заңды тұлғаларды жою барысында бірқатар қателіктерге жол беріліпті. Әділет басқармасының қызметкерлері әр түрлі компанияларға бірдей тіркеу номерлерін беріп, тізімге алынған кәсіпорындардың жарғылық капитал көлемін дұрыс көрсетпеген.

Берік Үсенбаев, Ақжар ауданының прокуроры:

– Тексеріс барысында аудандық әділет басқармасының қызметкерлері “Компания Tasstone glass” ЖШС-н мемлекеттік тіркеуден өткізгені анықталды. Ал жарғылық капитал көлемі теңгемен емес, 1 млн АҚШ доллары деп көрсетілген.

Орын алған олқылықтар үшін аудандық әділет басқармасының бастығы Ерлан Зәкірянов пен бас маман Азамат Тәукелов жауапты. Мекеме басшысы заңбұзушылықтар қызметкерлер біліктілігінің төмендігінен орын алғанын айтады.

 Ерлан Зәкірянов, Ақжар аудандық әділет басқармасының бастығы:

-Агенттікке дұрыс мәлімет, яғни шетелдік валютада емес, 1 млн теңге деп жібердік. Мәліметтер қорында да осы көрсеткіш белгіленген. Мемлекеттік нөмерлерді де сұрау жіберіп тексеру керек болатын. Бірақ ондай сұрауды ешкім жасатқан жоқ.

Ерлан Зәкірянов бұл қызметті 2010 жылдың қыркүйегінен атқарып жүрген көрінеді, бір мәрте сөгіс алып үлгерген. Заңға қайшы әрекеттердің Зәкірянов лауазымды қызметіне кіріспей тұрып орын алғанын ескерген тәртіптік кеңес мүшелері оған қызметіне толықтай сай еместігі жөнінде ескерту жасады. Ал Азамат Тәукеловты жұмысынан босату керек деген ұсыныс түсті.
 Отырыста Шал ақын аудандық қаржы бөлімінің бастығы Ләйлә Мұхамеджанова мен осы бөлімнің бас маманы Лариса Титоваға қатысты қозғалған тәртіптік іс те қаралды. Заңнаманың бұзылғаны прокурорлық және Тәртіптік кеңес тарапынан жүргізіліген тексерісте де расталған. Бөлім қызметкерлері мемлекеттік мүлікті жеке мақсатта пайдалануға жол берді деп айыпталуда. Бұл ретте кеңес мүшелері екі мемлекеттік қызметшіні де жұмыстан босату керек деп  ұйғарды.

Бұдан кейін Тимирязев және Ғ.Мүсірепов аудандарында жүргізілген тексерістің қорытындылары тыңдалды. Соңғысында 2009 жылмен салыстырғанда заңбұзушылықтардың артқаны байқалып, 76-дан 145-ке жеткен. Аудан әкімі Марат Тасмағамбетов мұны мемлекеттік қызметшілердің қысқаруымен, жұмыстың артуымен түсіндірмек болды. Ал Тимирязев ауданында керісінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда 11 тәртіптік іс кем тіркелген.

Гүлмира Шоқтыбаева

Бұдан әрі оқыңыз