Мәдениет

“Салт-дәстүр” байқауы

 

 

 

 

Ұлттық оюлармен безендірілген киім-кешек, тұрмыстық жабдықтар мен жайылған кең дастархан байқауға ерекше сән береді. Ал сахна төрінде ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың салт-дәстүрін  үзбей ұстанып жүргендердің бірі  – “Асыл әжелер” ансамблі. Шығармашылық ұжымның мерекелік қойылымы   “Салт-дәстүрлер” ” әнімен ашылды.
Ақ жаулықты әжелер енді ғана аяғын тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесіп, көне дәстүрді тағы да жаңғыртты. Сәбиге ақсақал бата беріп, сыйлы адамдар біреудің ала жібін аттамасын деген тілектерін айтты.

Жұмабике Бекішева,  “Асыл әжелер” ансамблінің мүшесі:
– Әжелер тобы осында келіп қатысамыз. Балаларды қолдаймыз. Концертке қатысамыз. Жастарды үйретеміз қазақтың бұрынғы өткеніне. Тұсау кесер, құрақ көрпе тігеміз. Солай жүріп жатырмыз. Ауылдарға , қалаға шығамыз.

Бұл күні ұлттық дәстүрді құрметтеп сақтап жүрген ауылдың дарынды жастары да өнерлерін ортаға салды. Аққайың ауданының “Меруерт” хореографиялық ұжымының қыздары қазақ биін ұсынды. Осы ауданның орыс-славян этно- мәдени орталығының мүшелері ұлттық тағамдарымен ерекшеленді. Украин этно- мәдени орталығының өкілдері де жергілікті халықтың тарихын, салтын білетіндіктерін дәлелдеді. Олар да бұл фестивальға ерекше дайындалыпты.

 Азамат Сәдуақасов, қазылар алқасының мүшесі:
–  Бүгінгі келген 6-шы аудан. Аққайың ауданының қазақ және орыс этномәдениеті, соның ішінде қазақтардың жақсы еңбек еткендері байқалады. Қалған аудандарға тоқтай кеткенде онда татар, қазақ,орыс-славян этномәдени орталықтарының   көрсеткені киім-кешек, салт-дәстүр, ұлттық спорттар.  

Аудандағы  61 шығармашылық ұжым құрамында 600-ден астам адам бар.  Дені дарынды жастар.

 Дәулет Балтабаев, Аққайың аудандық мәдениет үйінің директоры:
– Балалар жазғы демалыстарында да келіп үйірмелерге қатысып, кешкі би кештері өткізіледі.
Қызықты тақырыптарда жастармен жұмыс жасалады. Орталық кітапханамен бірлесіп көптеген жұмыстар атқарылады.  

“Салт-дәстүр” байқауының қорытындысы шілденің төртінде шығарылады. Үздік ұжымдардың нөмірлері ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік бағдарламаға енгізілмек.

Жеңіс Ермұқанов