Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа Австриядан асыл тұқымды ірі қара жеткізілді

Облыс әкімі Серік Біләлов Қызылжар ауданындағы Вознесенка ауылында болып, жаңа мал кешенінің құрылысымен танысты. «СБИ-Агро» серіктестігінің бұл фермасы 600 бас ірі қараға шақталған. Мұндағы жұмыстар қыркүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде шаруаның 30 пайызға жуығы тыңдырылыпты. Бұл жерде австриялық сименталь тұқымды қара мал өсірілетін болады. Кеше шаруашылыққа Австриядан 60 бас асыл тұқымды тайынша жеткізілді. Бұл тек алғашқы партиясы. Жарты айдан кейін тағы 60 бұзау әкелінбек.

Берік Өтегенов, «СБИ-Агро» ЖШС директоры:
– Бүгін біз 60 бас сименталь қара мал жеткіздік. Осылайша Елбасының айқындаған міндеттерін орындап, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосудамыз. Облыс әкімінің қолдауымен биыл біз Австриядан 120 бас ірі қара әкелсек, Германиядан 400 бас мал жеткіземіз.

 Австриядан ірі қараның жеткізілуі облысты былай қойғанда, Қазақстанда алғаш рет. Бүгінде өңірімізде етті мал шаруашылығын дамыту бойынша арнайы бағдарлама құрылды. Оған сәйкес «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Австрия мен Германиядан бір мың бас ірі қара әкелу қарастырылған.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Жалпы биыл облысқа 10 мыңнан аса қара мал жеткізу көзделген.

Серік Біләлов асыл тұқымды ірі қара өсіруге өңірімізде барлық жағдай жасалуда дейді. Мал кешендері тұрғызылып, жем-шөп базасы құрылып жатыр. «СБИ-Агро» серіктестігі де үлке іске әзір. Шаруашылық биыл 30 гектар күнбағыс, 200 гектар жоңышқа, 250 гектар жерге жүгері секілді жем-азық түрлерін еккен.

Жасын Біркенов