Билік

Тұрақты комиссиялар отырысы

 

 

 

Аққайың ауданы бүгінде мал шаруашығын дамытуға ерекше бетбұрыс жасаған. Үстіміздегі жылы 10 680 бас сиыр жасанды жолмен ұрықтандырылыпты. Бұл жоспардың 91 пайызы. Қазіргі таңда 2 қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істесе, Астрахан, Черкасск, Полтавка және Тоқшын ауылдық округтарында тағы бірнешеуін іске қосу жоспарда бар. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал санын арттыру мақсатында тәжірибе станциясында эмбриондық ұрықтандыру жүріп жатыр.

Болат Жақанов, Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:
– Шағлы деген округта эмбрионалдық ұрықтандыру өткізіп жатырмыз. Асыл тұқымды малдан 5 бас алдық та, лаборатория әкеліп, 24 сапасы төмен малды ұрықтандыру жұмыстарын атқарып жатырмыз, әлі де жалғасын табады.

Одан өзге, Аққайың ауданы бойынша үстіміздегі жылы 1070 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілуі тиіс. Бүгінге дейін ауданға 370-і келіпті. Негізгі қиындықтар  малдың шеттен әкелуіне байланысты туындауда. Ал Тайынша ауданына биыл 4,5 мың бас асыл тұқымды мал жеткізілуі тиіс болса, қазіргі таңда, елге келгені не бары 500 ірі қара. Халық қалаулылары бұл істі кейінге шегере беруге болмайтынын айтуда.

Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихат хатшысы:
– Әрі қарай соза беретін болсаңыздар,  мал аяз түскенде қараша, желтоқсанда бірақ жеткізіледі. Оларды асырайтын жайларыңыз дайын болмайды да, шетінен шығынға батасыздар. Өйткені шетелден әкелінген мал жергілікті жерде біраз жерсінуі тиіс, ауа райына үйренуі керек. Ал бірден аяз уақытында келген ірі қара жаппай құлауы мүмкін. Бұл бағытта жедел қимылдау қажет.

Тайынша ауданындағы ет кешені мен «Биохим» зауытының жұмысы да қызу талқыға түсті. Халық қалаулылары бүгінде заман талабына сай ет кешені толық қуатта жұмыс істемей тұрғанына сын айтты.  Осы күні алыпсатарлар етті Петропавл, Көкшетау, тіпті Қарағанды мен Шығыс Қазақстан өңірлеріне жеткізіп жүрген көрінеді. Облыстық мәслихат депутаттарының қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жамалиевке қояр сауалдары да жетерлік. Мемлекеттік орган жетекшісі 2010 жылғы облыс бюджетінің орындалуы жайлы есеп берді. Өткен жылы облыс бюджетінің табыс бөлігі барлық бағыттар бойынша атқарылған. Бюджет 101,9 пайызға орындалып, өңірдің  өз табысы 17 млрд 767 млн теңгені құрады. Тайынша ауданынан өзге аудандардың барлығы мен Петропавл қаласы жеке табыс бойынша жоспарды асыра орындаған. 2010 жылы облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 81,9 млрд теңгені құрап, бюджеттің шығыс бөлігі 98,4 пайызға ғана орындалған. Халық қалаулыларының көңілін көншітпегені де осы.

Марат Жамалиев, СҚО қаржы басқармасы бастығының м.а.:
– Бюджеттің 1,6 пайызы немесе 1 млрд 313 млн теңгесі игерілмей қалды. Ал облыстық бюджет бойынша бұл көрсеткіш 740 млн теңгені құрайды. Осылайша республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер 95,6 пайызға игерілді. Және игерілмей қалған 312,1 млн теңгені биыл пайдаға асыруға рұқсат берілді. Оның ішінде Петропавлдағы инженерлік коммуникацияға 32 млн, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы нысандардың құрылысына сәйкесінше 102,8 және 155,9 млн теңге берілсе, «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы бойынша 21 млн теңгені үстіміздегі жылы игеруге тиіспіз.

Өткен жылы облыс бюджетіне мәслихат сессияларында 7 мәрте өзгерістер енгізіліп, қайта қарастырылған болатын. Солай бола тұра, түрлі себептермен қомақты қаржы іске жаратылмай қалған.

Тамара Ткаченко, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымы:
– Бюджеттің игерілмей қалуы 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе артып кеткен. Алдағы уақытта бюджеттік өтініш жасаған кезде, нақтылаған кезде, және орындау барысында бағдарлама әкімшілері аса мұқият болса дейміз. Әйтпесе, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген трансферттерді қайтарып беруге мәжбүр болдық.

Сондай-ақ, тұрақты комиссиялардың отырысында өңірдегі гендерлік теңдік стратегиясының жүзеге асуы да талқыланды.

Гүлмира Шоқтыбаева