Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте өткен жиында бірқатар ағымдағы мәселелер қаралды

 

Облыс әкімі Серік Біләлов ең алдымен мемлекеттік органдар жетекшілеріне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жаңа басшысы Аида Балабаеваны таныстырды. 2003-2008 жылдар аралығында экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бас маман, бөлім бастығы, департаменттің бас сарапшысы қызметтерін атқарған. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Премьер-Министрдің кеңсесінде ұйымдастыру жұмысы және аумақтық дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі болып еңбек еткен.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Аида Балабаеваның тәжірибесі мол. Сондықтан бюджетті жоспарлау бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейде жасалады деген үміттемін. Үкімет басшысы үлкен тапсырмалар жүктеп отыр. Бұл міндеттер Аида Сейілқызының жетекшілігімен орындалады деп ойлаймын.

Облыстағы құрылыс нысандарында тиісті талаптардың сақталуы  –  жиында қаралған бірінші мәселе. Жыл басынан 50 тексеріс жүргізілген. 54 әкімшілік іс қозғалып, мердігер кәсіпорындар жетекшілеріне 1 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Бүгінгі күні мемлекеттік бюджеттен каржыландырылатын төрт құрылыс нысанында тексеріс жүріп жатыр.

Серік Сабыралин, СҚО сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы:
-Юбилейный көшесінде салынып жатқан 90 және 126 пәтерлі тұрғын үйлерде, Айыртау ауданы Кирилловка ауылындағы 240 орынға шақталған орта мектеп және Ғ.Мүсірепов ауданы Новоишимка селосындағы ауданаралық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде тексеріс жұмыстары ұйымдастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасын орындау үшін басқарма мамандары құрылыс барысы мен нысандардың уақытында тапсырылуын бақылауды күшейтті.

Дегенмен, аталған нысандардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны баяу. Юбилейный көшесінде салынып жатқан көпқабатты екі тұрғын үй маусым айында тапсырылуы керек болатын. Бірақ бүгінгі күні 126 пәтерлі баспана ғана дайын.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– 90 пәтерлі үй дайын емес. Яғни, оны тапсыруды тағы бір айға шегереміз. Құрылыс барысы неге бақыланбайды?

Кирилловка орта мектебінің құрылысы үш жылдан бері жүріп жатыр. Облыс әкімі әлеуметтік нысанды үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегіне дейін тапсыруды міндеттеді. Ал Ғ.Мүсірепов ауданындағы туберкулезге қарсы күрес диспансері тамыздың жиырма бесіне дейін пайдалануға берілуі тиіс. Петропавлдағы 320 орындық балабақшаның құрылысын да өңір басшысы қатаң бақылауға алуды тапсырды.
  Жиында сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Валерий Затай облыс аудандарында мемлекеттік рәміздер композициясын орнату бағытында атқарылып жатқан шаралар жайында  баяндады. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары Ақжар, М.Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов аудандарында ғана жүріп жатыр. Өзге аудандарда жобалар әзірлену үстінде. Серік Біләлов жұмысты жеделдету үшін тиісті шараларды қолға алуды жүктеді.
  Отырыста сондай-ақ Астана күні мен қала күніне дайындық барысы пысықталды. Үстіміздегі жылы да бұл мейрамдар бір күнде – шілденің алтысы тойланады. Әзірленген жоспар ауқымды. Мерекелік шаралар шілденің екісінен бастау алмақ. Жалпы 33 шара өткізу межеленіп отыр. Ал шілденің алтысы негізгі мереке Мағжан Жұмабаев көшесінде қанат жаймақ.

Нұржан Әшімбетов,  Петропавл қаласының әкімі:
Бұл күні мерекеде байқаулардың қорытындысы шығарылып, облыстың құрметті азаматтары марапатталады. Түрлі мерекелік, спорттық шаралар жоспарланған. Киіз үйлер тігіледі, сауда-саттық жасалады. Сондай-ақ бұл күні Жеңіс саябағы, қалалық мәдениет және демалыс саябағында, Бензострой және Жұмысшы кентінде де мерекелік шаралар өтеді. Ал кешке қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады.

Нұржан Әшімбетов мерекеге орай облыс орталығындағы 20 аулаға асфальт төселетінін айтты. Сондай-ақ 20 балалар алаңқайы жабдықталмақ.  
Коммуналдық қызмет үшін берешекті қайтару мәселесі отырыста қаралған соңғы мәселе. Бүгінгі таңда қарыз 311 млн. теңгені құрайды. Оның сексен пайызы – тұрғындардың берешегі, 18 пайызы – заңды тұлғалардікі, 2 пайызы – бюджеттік ұйымдардың қарызы. Ең үлкен борыш “Петропавл су” АҚ -ның үлесінде. Жеке және заңды тұлғалардың бұл кәсіпорынға қарызы 27 млн. теңгеден асып жығылады екен. Облыс әкімі Серік Біләлов коммуналдық қызмет үшін дебиторлық берешекті қайтару бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.  

Айымгүл Әбілева