Аптадағы маңызды жаңалықтар

Журналистер күні

Залға жиналғандар – өңірімізде болып жататын оқиғалар мен жаңалықтарды халыққа күнделікті талмай жеткізіп жүрген журналистер. БАҚ өкілдерін баспасөз, теледидар және радио күні қарсаңында облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады. Өңір басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі мен маңызы орасан зор деп атап көрсетті.  Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда БАҚ өкілдері өз үлестерін қосып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті іске асуы да жуналистердің жемісті еңбегіне байланысты деп атап өтті өңір басшысы. Бүгінгі күні облыста жетпістен астам баспасөз және электрондық ақпарат құралдары бар. Олар алға қойған мақсаттарды нәтижелі орындап келеді. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген қалам және микрофон иелері салтанатты жиында мараптталды. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жемісті еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін бір топ журналистерге облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттар, сыйақылар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Облыс әкімінің марапатына муниципалдық телеарнаның ақпарат қызметінің тілшілері Айымгүл Әбілева мен Жеңіс Ермұқанов, бейнеоператор Вадим Блажевич те ие болды.  Жиында Серік Біләлов журналистерге алда тұрған маңызды міндеттер мен жоспарлар туралы әңгімелеп өтті. Сондай-ақ өңір басшысы БАҚ өкілдерінің арасында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған байқау жарияланатынын жеткізді. Тақырып – “СҚО – тәуелсіздік жылдарында”. Байқау жеңімпаздары бес аталым бойынша анықталмақ. Әрбір номинация иегері 250 мың теңге көлемінде облыс әкімінің сыйақысына ие болады.

 

 

 

 БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Қазақстан журналистері одағының» облыстық филиалы мен Петропавлдағы бірнеше қоғамдық ұйымдар да  журналистер қауымын құтттықтады. .  

Журналист қашанда қоғамның бел ортасында, әр жаңашылдықтың қасында және әрдайым жұмыс басында. Өз төл мерекелерінде де олар қызмет басынан ұзамағандықтан залға жиналғандар көп болмады. Есесіне, баспасөз өкілдеріне шын ниеттерін білдірген қауымның көл-көсір ақ тілектері бәріне шынайы мерекелік көңіл сыйлады.

Галина Воробьева, «Қазақстан журналистер одағы» ҚБ СҚОФ төрайымы:
– Барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Оларға шығармашылық табыс, шабыт және отбасылық шаттық тілеймін. Бүгін біз үздік қызметкерлерді еңбектеріне лайық марапаттаймыз.

Еңбекқор қауым үшін ең басты сый, әрине, қызметіне берілген оң баға. Қазақстан журналистер одағы тарапынан берілген осындай марапатқа 15-ке тарта журналист ие болды. Солардың бірі біздің арна тілшісі Айымгүл Әбілова.

Айымгүл Әбілова,  муниципалдық телеарна тілшісі:
БАҚ-тың қоғамда алар орны ерекше. Әсіресе телевидение жедел ақпарат түрі болып табылады. Алдағы уақытта да осы бағытта еңбек етіп, халықты соңғы жаңалықтардан құлағдар етіп отырамыз. Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

 Журналистикаға 22 жылын арнаған Марат Ермұқановтың еңбегі де аталды.

 Марат Ермұқанов,  «Северный Казахстан» облыстық газетінің шолушысы:
– Бір қуанарлығы, соңғы уақытта журналистер арасында жастар көбейіп келеді. Олардың шеберліктері, талаптары қуантады. Бәріңе қуаныш, қызметтеріңе сәттілік тілеймін.

Жергілікті қалам мен микрофон шеберлеріне алғыстарын «Іскер әйелдер қауымдастығы», «Еуразия жинақтаушы қоры» және «Қазақтелеком» АҚ ұжымдары білдірді. Мерекелік сый-сияпаттан аудандық тілшілер де шет қалмады. Олардың қатарында Мамлют, Тайынша аудандық газеттерінің өкілдері бар. Ал ең басты марапат – «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы Виктор Вихляевқа берілді.  

Виктор Вихляев,  ҚР құрметті журналисі:
 – Маған берілетін әр құрмет өзінше ерекше. Бүгінгі марапатты 55 жылдық еңбегімнің, төзімділігімнің жемісі деп білемін. Өзімнің ізімді басатын жастарға журналистік жолдарында бөгеттер кездеспеуін тілеймін.

Сондай-ақ солтүстікқазақтандық жыл журналисінің де есімі жарияланды. Ол облыстық «Қазақстан-Петропавл» телеарнасының тілшісі Нұргүл Ахметова.

Айымгүл Әбілева,  Кәусар Аяпбергенқызы