Ауыл шаруашылығы

Танаптарды химиялық өңдеу

Химиялық препараттар жеткізуші фирмалар аграрийлерге  өсімдіктерді  аурулардан, зиянкестерден және арамшөптен қорғауға арналған өнімдердің алуан түрін  ұсынады.  Диқандар оларды сатып алуда да көптеген жеңілдіктерді пайдалана алады.

Владимир Карабецкий, “Тимос Компани” ЖШС СҚО бойынша өңірлік өкілі:

– Біз алдын ала төлем жасау арқылы да,  банк кепілдігі бойынша төлемді күзге дейін шегеру, кепілдікке техника, басқа да мүлікті алу тәсілдері бойынша да сата аламыз. Қазіргі күні препараттар жеткілікті, келіңіздер, алыңыздар.

Қанат Бердібеков,  “Есіл ХимАгро” ЖШС директорының орынбасары:

– Біз препараттарды кепіл мүліксіз, банк кепілдігінсіз  болашақ астық есебінен сатамыз. Тек бізге келіп, келісімге отыру керек. Екі жылға беріледі. Бұл мерзім өткенше біз товарөндірушілерді мазаламаймыз.  Екі жыл өткен соң ғана қарызды қайтару шараларын қолданамыз.

Компаниялар басшылары өсімдіктер қорғау шаралары бойынша нақты көмек көрсету үшін  агроқұрылымдарға барып, ақыл-кеңес беруге де даяр.

Юрий Коломеец,  “АгроГлобал” ЖШС директоры:
Егер дәрі себуде кестеден кешігіп жатса,  немесе уақтылы енгізе алмай қалса,  дақылдардың белгілі бір өсу фазасына жетуін ескере отырып,  біз жағдайға қарай жеңілірек ерітінділер  қолдануды ұсынамыз.  Арамшөпті химиялық  отауды дұрыс жүргізу үшін жедел топ болуы керек және бақылау жасау қажет.

Наталья Гальстер, “Астана-Нан” ЖШС СҚО бойынша өңірлік өкілі:
Қоспаларды таңдағанда сақ болу керек, өйткені препараттар бір-бірімен үйлеспеуі мүмкін. Біз танап басына барып, мониторинг жүргіземіз, сөйтіп арамшөппен күресудің нақты тәсілін ұсына аламыз.

Петропавлда 20-дан астам фирмалар химиялық препараттар  жеткізумен айналысады. Егіс зиянкестері мен арамшөпке қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектердің бәрі де қолда бар дейді мамандар.