Денсаулық сақтау

Аурухана жаңа жабдықпен толықты

 

Бұл құрылғыны бет-жақ бөлімшесінің ұжымы да, науқастар да көп күтті. Өйткені ауыз құрылысының суретін жасау кез-келген емнің алғашқы сатысы. Осы аурухананың дәрігері Мансур Халилов финдік ProOne моделіндегі аппараттың шамасын алғаш болып өзі сынап көрмекші.

Мансур Халилов, №3 қалалық аурухананың хирург, тіс дәрігері:
– Омбыға көптен жиналып жүрмін. Тек жұмыспен уақыт таба алмадым. Енді тамаша болды, 3-ші қабатқа көтеріліп, сапалы рентген жасай аламын. Онда әр тісті анық көріп, қайсысын емдеу керектігін байқауға болады.

Қазірде 30 орынға шақталған бет-жақ бөлімшесі толық. Ең күрделі науқастың бірі Раиса Недалуга аталған құрылғының келуін күтпей, дереу Ресейдің Омбы қаласына баруға мәжбүр болды. Енді ол басқалардың өзі сияқты шығынданбайтынына қуанышты.

 Раиса Недалуг, науқас:
– Менің Омбыға барып келуіме 10 мың теңгедей қажет болды. Енді қалалықтар оны өзімізде жасай алатыны үлкен жеңілдік. Бастапқыда мен өзім емделіп, ауруымды ушықтырып алдым. Қазір жағдайым жақсарып келе жатыр.

Сандық стоматологиялық-рентген құрылғысының басты артықшылығы – оның әмбебаптығында. 8,5 млн теңгеге алынған осы бір аппарат бірнеше қызметті атқара алады. Алдымен компьютерге науқас жайында мәлімет енгізіліп, кейін рентген жасалады. 1-2 минут ішінде дайын болатын суреттен ауру анықталады.

Саян Махмұтов,  №3 қалалық аурухананың бет-жақ бөлімшесінің меңгерушісі:
– Бізге осы диагностикалық аппарат бұрыннан қажет еді. Оның сәулелендіру мөлшері өте төмен, яғни қауіпсіз. Түсірілетін панорамалық суреттен сүйектің, тістердің және ауыз, мұрын қуыстарының патологиясын көре аламыз.

Бүгін алғашқы науқастарын суретке түсіре бастаған құрылғыға қажетті қаражат облыс қазынасынан бөлінді. Ауыз құрылысын толық рентгенге түсіру 1 адам үшін 3000, ал бөлшектеп түсіру 1500 теңге тұрады.

Кәусар Аяпбергенқызы