МТРА жаңалықтары

Салтанатты жиын

 

Биыл тіркелген қылмыстардың 85 пайызының ізі суымай ашылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артық. Биік көрсеткіштерді бағындырып, белсенді жұмыс жасаған тәртіп сақшыларының бірқатары салтанатты жиынға келген. Өзгелері тіпті кәсіби мерекеде де тыным таппай, міндеттерін атқаруда.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
–  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында еліміздің ішкі қауіпсіздігі мен заң талаптарының орындалуына ерекше назар бөледі. Бұл бағытта өңірімізде ІІО қызметкерлері жүйелі жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті қадағалауда мелекеттің және азаматтардың құқығын қорғауда зор еңбек атқарады деген сенімдемін.

Мерекелік кеште өз істерінің үздіктері құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталды. Қоғамдік тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалау жолында ерен еңбегімен танылғандары кеуде белгілерін алды.
Үздік қызметі үшін Қызылжар аудандық ІІБөлімі бастығының кеудесіне 2-ші дәрежелі «Қайсар» белгісі тағылды. Подполковник бұл жалғыз менің ғана емес, бөлімімнің жұмысына беген жоғары баға дейді.

Қайыр Байқадамов, Қызылжар аудандық ІІБ бастығы:
– Марапатталып жатырмыз. Бар әріптестерімді құттықтаймын. Жұмыс ауыр, бүгіннің өзінде жігіттердің көбі жұмыста. Берілген сенімді ақтайтын боламыз.

6 полицей мерзімінен бұрын шені бойынша бір саты жоғарылады. Еңбегі бағаланғандардың қатарында Тайынша АІІБ учаскелік инспекторы Жұмабек Нұрмұхамбетов те бар. Құқық қорғау органында 17 жыл жұмыс жасап жүрген полицей майор атағын алды.

 Жұмабек Нұрмұхамбетов, Тайынша АІІБ учаскелік инспекторы:
– Мен үшін бүгін қос мереке, кәсіби мерекемде шен бойынша жоғарыладым. Қандай шенде болмасам да антыма берік болып, халқым үшін қызмет етемін.  

Бұл күні ардагерлер қауымы да шет қалмай, ерекше құрметке бөленді. Салтанатты жиын өңіріміздің үздік өнер ұжымдары сыйға тартқан мерекелік концертке ұласты

Жеңіс Ермұқанов