Балалар

“Көліктер 2” – қазақ тілінде

 

 

Бұл еңбек Дisney студиясының қазақша сөйлеген алғашқы өнімі. Қазақстанда “Көліктер -2” мультфильмінің премьерасымен бірге осы аттас акция бастау алды. Оның аясында петропавлдық бүлдіршіндер “Көліктерді” тегін көріп қана қоймай, картинг спортымен танысу мүмкіндігіне де ие болды.

Александр Новичков, СҚО туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы спорт бөлімінің бастығы:
– Бұл жобаның басты мақсаты – кіші жастан бастап балаларға мемлекеттік тілді меңгерту. Себебі бүгінгі жастар үш тілді қатар білулері тиіс. Осы көрсетілімнің алдында біз өз көліктерімізді де көрсеткіміз келді.

Картинг аса танымал спорт түріне әлі қосылмаса да оған қызығушылық танытатындар баршылық. Бүгінгі шараға “Спектр” картинг клубының жастар арасындағы кілең үзіктері ғана келіпті.  Солардың бірі – Жұлдызбек Ермұқановтың көлікке қызығушылығы бала кезінде ояныпты.

Жұлдызбек Ермұқанов, “Спектр” картинг клубының мүшесі:
 -Мен картингпен бір жылдай айналысамын. Сайыстарға қатысып үлгердім. Мен кішкентай кезімнен әкеммен көлікте көп жүретінмін. Сонысымен осы спорт маған ұнайды.

 Балалардың бұл қуанышына облыстық қуыршақ театрының актерлері, дәлірек айтқанда мултьфильм кейіпкерлері де ортақтасты.  Осылайша отбасылық үлгідегі балалар ауылының, жетім балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың,  №20, 21 орта мектептер және “Салтанат” балабақшасының оқушылары мультфильмді барынша зор қызығушылықпен тамашалауға алдын ала дайын болды.

Балалар:

-Мен “Тачки-2-нің” 1 сериясын көрдім. Ол маған өте ұнады. Енді 3 Д форматында екіншісін көргім келеді
-Маған машиналар өте ұнайды. Сондықтан “Тачки 2-ні” көруге келдім.

3Д форматындағы фильм көрерменге ішінде тура өзі жүргендей әсер қалдырады. Сондықтан кез-келген техниканы досым деп білетін балалардың шаттықтары алғашқы минуттардан-ақ білінді.  
“Көліктердің” премьерасына жиналған 300-дей бүлдіршінге бүгін оның қазақ тіліндегі нұсқасы көрсетілді. Ал жақында қазақстандық балақайлар оны орыс тілінде де тамашалай алады.

Кәусар Аяпбергенқызы