Құқық қорғау органдары

Маусымның 23-і — Қазақстан полицейлерінің кәсіби мерекесі

Қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полицейлердің құрметіне ескерткіш бұдан үш жыл бұрын орнатылған. Тасқа әр жылдары қылмысқа қарсы күресте өз өмірлерін қиған сегіз тәртіп сақшысының аты-жөндері қашалып жазылыпты. Ескерткіш басына жиналған жұртшылық заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде батылдық пен қайсарлық танытқандардың рухтарына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан полицейлердің есімдерін әріп­тестері мәңгілік есте сақтайды.

Андрей Плешаков, соғыс және ішкі істер органдарының ардагері:
-Бүгін мерекеде ең алдымен қылмыскерлермен күресте қаза тапқандарды еске алып, рухтарына тағзым еттік. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Жасаған істері бүгінгі полицейлерге үлгі.

Облыстағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге патрульдік полиция батальонының кавалериялық взводы өз үлесін қосып келеді. Облыс әкімі бұл күні олардың жұмысымен танысты. Кавалериялық взвод 2004 жылы құрылған. Осы уақытта атты полиция тиімділігін көрсетіп үлгерді.

Егенберді Балтабаев, кавалериялық взвод қызметкері:
– Саяжайлардағы тәртіпті қамтамасыз етеміз. Осы уақытта 8 қылмыстың бетін аштық.

Қылмыстарды ашуда полицейлерге қызметтік иттер үлкен көмек. Бүгінде кинологиялық қызмет орталығында 15  ит бар. Олармен он бес тәжірибелі маман жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы қызметтік иттердің қатысуымен сексеннен астам қылмыстың беті ашылған. Оның ішінде отызы ұрлыққа қатысты. Заңсыз айналымнан тоқсан келіден артық есірткі тәркіленіпті.  Бұл күні Петропавлда тағы бір аймақтық полиция пункті ашылды. Қазірде Юбилейный көшесінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл облыс орталығындағы сегіз мыңға жуық халқы бар жаңа ықшамаудан. Сондықтан мұнда аймақтық полиция пункті қажет-ақ. Осы жерде заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа бағдарламаның таныстырылымы өтті. Жоба “Көршілер бақылауы” деп аталады. Ол ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құруды көздейді. Яғни, тұрғындар ішкі істер органдарының қызметкерлеріне көмектесетін болады. Қандай да бір заңбұзушылық орын алса, тұрғындар бірден тәртіп сақшыларына хабарлайды. Бұл үшін арнайы байланыс желісі де ашылмақ. Мұндай бағдарлама Балтық елдері мен Қырғызстанда жұмыс істейді екен. Облыс әкімі жаңа жобаның нәтиже беретініне сенім білдірді.Жаңа ауданның тұрғындары аймақтық полиция пунктінің ашылғанына қуанышты. Аймақтық полиция пунктінің инспекторлары Борки, Орман, Семашко мен Солнечный кенттеріндегі және сол маңдағы саяжайлардағы тәртіпті қамтамасыз ететін болады.

Айымгүл Әбілева