Аптадағы маңызды жаңалықтар

Полицейлерге – 100 «Жигули»

 
 

 

 

Облыс полициясының техника паркі су жаңа жүз “Жигули” автокөліктерімен толықты. Темір тұлпарлар тәртіп сақшыларының оңай емес қызметтерінде таптырмас көмекші болары сөзсіз. Бұдан былай осы арнайы жабдықталған көлік нысандарының көмегімен қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полицейлерді облыс әкімі Серік Біләлов кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесіне ерекше назар аударады. Қоғамдық тәртіпті сақтауда сіздердің еңбектеріңіз зор. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы мерекелеріңіз құтты болсын. Еңбекте жеміс пен табыс тілеймін.
 
Облыс әкімі кілттерін тапсырған 19 көлік Петропавлдағы тәртіпті қадағалуға жұмылдырылады. Ал өзгелері өңіріміздің елді мекендеріне бөлінді. Ақжар аудандық ішкі істер бөліміне 5 автомашина тиді.

Кенжеболат Бейсенбаев, Ақжар аудандық ІІБ бастығы:
-Ол бізге үлкен көмек, өйткені біз облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың біріміз. Біздегі 12 селолық округта учаскелік инспекторлар ескі машиналармен жүреді. Біз халыққа қызмет етеміз, сондықтан қылмысты болдырмас үшін үлкен жұмыстар атқарылады. Зейнеткерлерді, әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Еліміз тыныш,  халқымыз аман болсын.

Облыстық ІІД бастығы Мұрат Ұрымханов та заман талабына сай материалдық- техникалық базаны жаңарту қылмыстардың алдын  алуда мағызды іс екенін тілге тиек етті.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
– Біздің қызмет аса қауіпті. Өз ісіне берілген адамдардың ғана қолынан келетін шаруа. Қылмыстың аты қашанда қылмыс қой. Ізін суытпай ашу көптеген қиындықтарды шешеді. Ол кезде әр уақыт алтынмен теңдес. Сондықтан заң бұзушылықтармен жылдам күресіп, қылмыстың алдын алуда әсіресе көліктер таптырмас көмекші болады.

Қаз қатар тізілген су жаңа көліктер шерумен өтіп, негізгі міндеттерін атқаруға аттанып кетті.  Кейін облыс әкімі Серік Біләлов қалалық ІІБ жанынан салынған саяжолдың ашылу рәсіміне қатысты. Өңір жетекшісі жарияланған “20 игі іс” акциясының аясында абаттандырылған демалыс алаңына кеспе тас төселіп, орындықтар қойылыпты. Қазақстан полициясы күні қашалып жазылған тас та өзіне тиесілі орынға жайғасқан. Серік Біләлов саябаққа   көшеттер отырғызуға қатысты.

Жеңіс Ермұқанов