Әр түрлі

ЖИН-ді жаңа жылға дейін алып үлгеру керек



 

2012 жылдың 1-қаңтарынан бастап азаматтардың куәлігінде жеке идентификациялық нөмір болмаса, онда ол құжат жарамсыз деп табылады. Бұндай жағдайда  азаматтардың зейнетақы қорына өткізген еңбекақысының 10 пайыздық үлесі қабылданбайды.

Райхан Әбдірахманова,  “Қазақстан халық банкі” жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ СҚОФ директоры:
– Мекеме есепшілері, яғни зейнетақы қорына 10 пайыздық салымдарды өткізумен айналысатындар бүгіннен бастап қызметкерлерінің жеке идентификациялық нөмірін және жеке бас куәлігінің көшірмесін жинап алуы керек. Өйткені жеке идентификациялық нөмірі болмаған жандардың салымдары қабылданбайды. Егер азаматтың құжатында аталмыш нөмір болмаса, оны алу үшін тиісті органдарға баруы қажет.

2012 жылдың қаңтарынан бастап әр зейнетақы жинақтаушы қор мультипортфель жүйесін енгізуі тиіс. Бұл зейнетақы активтерін басқаруда бірнеше инвестициялық бағдарламаны қолдануға мүмкіндік береді. “Қазақстан халық банкі” жинақтаушы зейнетақы қоры өз клиенттеріне 3 портфель ұсынғалы тұр. Олар: консерваторлық, бірқалыпты және агрессиялық. Келесі жылдың басынан салымшылар бастапқы екі портфельдің біреуін таңдауы қажет. Ал 2015 жылдан бастап олар агрессиялық түрін де пайдалана алады.

 Виталий Рындин, клиенттермен жұмыс істеу басқармасының бастығы:
– Бірқалыпты портфельді таңдағандардың салымы орташа кірісті құжатқа инвестицияланады.
Оның жинақталған сомаға түсетін қаупі де орташа. Консерваторлық портфель еш қауіп әкелмейді. Тиісінше олардың кірісі аз. Агрессиялық портфельде жинаған қаржыны көбейтуге болады, дегенмен бұл жағдайда жиналған ақшаны жоғалтып алу қатері де жоғары.

Баспасөз мәслихатында зейнетақы қорын дұрыс таңдаудың жолдары жайлы сөз болды.

Айдана Демесінова