Балалар

Прокурорлық тексеріс қорытындысы

 

 

 

Кезекті тексеріс барысында қорғаншы және қамқоршы органға қатысты анықталған заңбұзушылықтар аз емес. Прокуратура қызметкерлері олардың бірқатарын ғана жариялап отыр. Мәселен, 2010 жылдың шілде айында кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығы екі жасөспірімді ұстау мерзімінің аяқталуына қатысты аталған органға хабар берген. Бірақ олар өз міндеттерін мектеп инспекторларына ысыра салған көрінеді.

Гүлнәр Шәріпова, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Қорғаншы және қамқоршы орган ақпар алған 3 күн ішінде баланың тұрмыстық жағдайын зерттеп, оларды орналастыру мәселесі шешілгенге дейін құқығы мен мүддесін қорғауға тиіс болатын.
Бірақ олар еш шара қолданбаған.

Нәтижесінде бұл екі бала 6 ай бойы баспанасыз қалып, қаңғыбастыққа салынған. Олардың тағдыры қала прокуратурасы араласқаннан кейін ғана шешілді. Сондай-ақ қамқоршы орган заң талаптарына қайшы   жолмен кәмелетке толмаған 6 жасөспірімді ата-анасынан айырған.

 Гүлнәр Шәріпова, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Заңға сәйкес бұл орган баланы айырып алу туралы жергілікті атқарушы органның актісі шыққаннан кейін 1 апта ішінде сотқа ата-ананы құқықтарынан шектеу туралы талап қоюға міндетті.
Бұл жағдайда олар мұны орындамаған.

Аталған іске қатысты прокурорлық қадағалау актісі жасалды.

Кәусар Аяпбергенқызы