Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы заводтың жабдықтары жаңартылуда

 

 

 
Ұнтақ бояғыш желі Түркиядан әкелінді. Жылжымалы қондырғыға бекітілген  құрылғының бір  бөлігінде өнім сырланады. Екі оператор қос қапталдан тиісті бояғыш заттармен металлдың түрін өзгертеді. Ал техниканың келесі бөлігінде сырланған темір кептіріледі. Жаңа жабдық зауыт қызметкерлерінің жұмысын біршама жеңілдетіпті.

Вадим Мещанов, «Киров атындағы зауыт» ЖШС учаскелік шебері:
Бұрын барлығын қолмен жасайтынбыз. Яғни белгілі бір бөлікті сырлау үшін сол затты өзіміз таситынбыз. Көп уақыт кететін. Ал қазір барлығы автоматтандырылған. Бәрі автоматты түрде жасалады.

Ал Ресейден әкелінген  тағы бір жаңа жабдықтың құны 35 млн теңгеден асып түседі. Ол амперметр сияқты приборларға панель жасау үшін қолданылады. Зауыттағылар бұл қондырғының көмегіне сәуір айынан жүгініп келеді. Олар техника жұмысымызға серпін берді дейді.

Дмитрий Титов, «Киров атындағы зауыт» ЖШС инженер-технологы:
– Бұрын бұл үрдіс ауқымды жұмысты әрі көп уақытты қажет ететін. Қазір қажетті файлды енгізіп, барлық техникалық оюларды дайындау арқылы керекті бөлшекті жасап шығарамыз.

Жуырда ғана Германиядан жеткізілген ойдырту- фрезер станогын жұмысшылар іске қосып үлгермепті. Сол сияқты Қытайдан импортталған темірді бүгуге арналған жабдықты да қолданбапты. Ол үшін зауыт қызметкерлері Қытайдан келіп құрылғының жұмысы жайлы сабақ өткізетін арнайы мамандарды күтуде. Ал Ресейден әкелінген екі пешті кәсіпорындағылар өздері іске қосыпты. Зауыт осындай бағалы қондырғылармен 1992 жылдан жабдықталмаған. Ал «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бұл олқылықты жоюға жақсы мүмкіндік туғызды. Зауыт басшылығы осыны пайдаланып, тағы бір бизнес- жоспар құруды көздеп отыр. Егер ол іске асса, мекеме құны 50 млн теңге болатын техниканы сатып алады. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға жол салмақ.

Айдана Демесінова