Ауыл шаруашылығы

Арамшөппен күрес

 

 

Облыста химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған 1324 техника бар. Оның 640-ы өнімділігі жоғары қазіргі заманғы кешендер. Олар джи-пи-эс жүйесімен жарақтандырылғандықтан түнгі уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қолайлы ауа райында бұл техникалармен тәулігіне 400-ден 700 гектар жерге дейін өңдеуге болады.

Әбілхан Бижанов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
– Биылғы ауа райының жағдайы бүкіл техниканы толығымен қолдануға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан 640 жоғары сапалы техниканы қорықпай, ылғалдың толық кепкенін күтпей, жұмысқа қосу керек.

Ауа райына байланысты қазір арамшөппен күресті барынша авиацияның көмегімен жүргізу қажет дейді мамандар. Ұшақтарды пайдаланып, тәулігіне 2 мың гектар алқапты химиялық өңдеуден өткізуге болады. Бұл жұмыстарға тарту үшін облыста қазірде 16 ұшақ дайын тұр.

Әбілхан Бижанов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
– Агроқұрылым бастықтарына айтарымыз, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өтініштеріңіз болса, қарап ұшақтың санын көбейтуге тырысамыз. Уақыттың қымбат екенін түсіну керек. Шығын болмай, кіріс болмайды. Қазір авиацияға шығын шығарып, күзде кіріс алатын жағын ойластыру керек.

Егінді арамшөптен,түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғау үшін күрес жұмыстарын уақытында жүргізу шарт дейді ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғалымдары. Күзде бітік егін алу үшін қазір барлық аграрлық шараларды қолға алу қажет. Өткен жылдардың тәжірибесі сауатты жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қуаңшылықтың өзінде жақсы өнім алуға болатынын көрсетіп отыр.

Александр Пигалев, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС директорының орынбасары:
Өсімдік қорғаудың барлық кешенді шараларын жүргізген жағдайда қуаңшылыққа қарамастан жақсы өнім жинауға болады. Мұндай тәжірибе бар. Егер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бұл жұмыстарды мықтап қолға алса, 40 пайызға дейін түсім алу мүмкіндігі бар. Керісінше болған жағдайда, астық шығымдылығы осынша пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Биыл жауын-шашын мол, сондықтан күзде жақсы өнім жинап алуға болады. Тек қажетті аграрлық шараларды уақытында жүргізген жөн.

Айымгүл Әбілева