Әр түрлі

Ұлы Отан соғысының басталғанына – 70 жыл

 

 

 

Қырық бірінші жылдың жиырма екінші маусымында таң қылаң бере фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер елін жаудан қорғау үшін қолына қару алып, қан майданға аттанды.

Ақтай Кәкенов, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Ол күнді енді ешқашан көрсетпесін. Кейінгі ұрпақ жыламасын-сықтамасын. Соғыста қаза тапқандарды бүгін біз қайғыра еске аламыз.

Бұл күні елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Қалың жұртшылық соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, “Мәңгілік алау” мемориалына гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш басына соғыс куәгерлерімен қатар, Отан үшін отқа түскен ерлердің ұрпағы да келді. Олар бейбіт күннің астында, егеменді елде тұру бақыты үшін аға ұрпақ алдында бас иеді.

Жанар Қалиева, Ақжарқын орта мектебі шағын орталығының тәрбиешісі, Ақжар ауданы:
– Бүгін мәңгілік алау басына келіп, соғыста біздің жарқын болашағымыз үшін қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойдық. Оларды ешқашан ұмытпаймыз. Әрқашан аталарымызға басымызды иеміз, құрмет тұтамыз.

Бұл күні жұртшылық 314-ші  атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткішіне, Жеңіс және қалалық саябақтардағы ескерткіштерге де гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ соғыс ардагерлері госпитальдарда көз жұмған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескі қалалық молада жерленген ерлерді де еске алды.  
Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатыр. Осы күндерді сыйлаған, ел ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, зұлмат соғыста қаза тапқан батыр жауынгерлер ешқашан ұмытылмақ емес.

Айымгүл Әбілева