Денсаулық сақтау

Сергей Череда – елдің үздік дәрігері

 

Кезекті ота жасағаннан соң, бөлім меңгерушісі науқастардың халын біліп, қайтадан ота жасауға кетеді. Жұмысына берілген  ақ халатты абзал жанның күн тәртібі осындай. Сергей Череданың әке жолын қуып, бұл салаға бет бұрғанына 10 жылдай ғана уақыт өтсе де, ол өз мамандығының қыр-сырына қанық.

Сергей Череда, кардиологиялық орталықтың ангиохирургы:
– Қазіргі кезде дәрігердің көмегіне жүгінетін адамдар көп.
Кардиологиялық орталық заманауи құрылғылармен жабдықталғандықтан, науқастардың барынша сапалы ем қабылдауына мүмкіндік туып отыр. Бұл, әрине, бізді де қуантады.  

Оқуды тәмамдағаннан кейін Сергей Череда облыстық ауруханада 3 жыл қызмет еткен. Ал 2009 жылдан бастап  кардиологиялық орталықта еңбектенеді. Ол республикалық байқауда қазылар алқасын күнделікті жұмысымен таныстырып, өз әдістемесін ұсынды.

Сергей Череда, кардиологиялық орталықтың ангиохирургы :
– Байқауды қиын болды дегеннен гөрі, қатты толқыдым деп айта аламын. Өйткені комиссия   құрамында медицина саласында үлкен жетістіктерге жеткен білікті мамандар болды. Олардың менің жұмысымды жоғары бағалағаны қуантады.  

Қазіргі кезде кардиологиялық орталықта 35 науқас ем қабылдауда. Олардың әрқайсысы Сергей Череданың ең үздік дәрігер атануы тегін емес дейді.

Анатолий Чернов, емделуші:
– Сергей Витальевич дәрігер ретінде өте жауапты, әрдайым халымызды біліп жүреді.
Науқастардың сұрақтарына жауап қайтарып, көмектесуге әзір. Мен ең жақсы дәрігер деп айта аламын.

Қан тамыр хирургиясы бөлімінде 6 дәрігер мен 20 мейірбике қызмет етеді. Олар бөлім меңгерушісін кәсіби мықты маман, адами қасиеттерімен өзіне баурай білетін ерекше жан ретінде біледі.

Нұртас Балмұхамедов, кардиологиялық орталықтың ангиохирургы:
Сергей Виталиевичпен жұмыс істегеніме аз уақыт болса да, оны тек жақсы жағынан білемін. Ол өте жоғары білімді маман, біздің бөлім меңгерушісі. Осындай маманмен бір салада, бір бөлімшеде еңбек еткеніме қуаныштымын.

Жерлесіміздің республиканың түкпір-түкпірінен жиылған 16 дәрігердің ішінен жеңімпаз атануы – кәсіби біліктілігінің көрсеткіші. Еңбегі еленіп, жұмысына жоғары бағаның берілуі Сергей Череданың жетістіктерінің тек бастамасы болары анық.

Инеш Шоқақова