Көлік және жолдар

Қоғамдық көлік тарифі өседі

 

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 38-ші сессиясында сөз болған қоғамдық көліктегі тарифтерді көтеру мәселесі жиналғандар үшін таңсық емес. Жолаушылар мен жүк тасымалдау тарифтері жөніндегі бекітілген 3 жылдық шарттың аяқталуына орай осы жылдың ақпанында-ақ өсуі тиіс болатын. Бірақ халықтың наразылығына байланысты мәселе сан мәрте шегерілді.

Антон Макаров,  Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
 Қала бойынша жолаушылар мен жүк тасымалдау бағасы микроавтобустарда 50, автобустарда  – 45 теңгені құрайтын болады. Нақты шешім оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Тарифтің қымбаттауына қосалқы бөлшектердің, жанар-жағармайдың қымбаттауы себеп болып отыр дейді тасымалдаушылар. Оның үстіне еңбекақыны өсіру қажет. Сессияда бірқатар депутаттар бағаны өсіру керек деген ұсынысты қолдап жатса, оған қарсы шыққандар да табылды. Депутат Жангелді Тәжин жағдайды тұрғындарға түсіндіру үшін қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынды. Ал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы керісінше, өз тараптарынан еш қарсылық білдірмейтіндіктерін айтты.

Григорий Кухарь,  қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Тарифтердің аздап көтерілуін жұрт дұрыс қабылдайды және оған көптен дайын деп ойлаймын.
Егер бұл қажетті шара болса, қымбаттай берсін.

Бұл шешім облыстық әкімдікте қолдау тапқан күнде күшіне енетін болады. Отырыста сондай-ақ қалалық әкімдік аппаратының құрылымдық өзгерістері жарияланды.

Кәусар Аяпбергенқызы