Білім

Мектеп бітіру кеші

Биыл лицей түлектері қала бойынша ҰБТ-да ең жоғарғы нәтиже көрсетіп, облыс мектептері арасында 3 – орынға қол жеткізген.

 

Осымен 3 жыл қатарынан республикадағы 100 үздік мектеп тізіміне іліккен оқу ордасының ұжымын қала әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтады.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Бүгін міне, мен лицейге әдейілеп келіп отырмын. Қала бойынша тестілеу нәтижесінде бірінші орынға шықты. Баршаңызды құттықтаймын.

Түлектердің кешке барынша дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Қыздардың жарасымды көйлектері мен сәнді шаш үлгілері салтанатты жиынды әсерлей түсті. Алтынгүлдің қуанышы ерекше. Ол сынақтан сүрінбей өтіп, «Алтын белгі» иегері атанды.

Алтынгүл Нұрмағамбет,  «Алтын белгі» иегері:
– Мен “Алтын белгі” иегері болғаныма қуаныштымын.
Бұл менің ғана емес, барлық ұстаздарымның еңбегі деп ойлаймын. Мектебімнің бұдан да жоғары белестерден көрінуіне тілектеспін.

Кеште бір «Алтын белгімен» қатар екі түлекке ерекше үлгідегі аттестат табыс етілді. Инеш пен Салтанат қай салада қызмет ететіндерін нық шешкен.

Инеш Сәбитова, ерекше үлгідегі аттестат иегері:
– Көңіліміз өте толқып тұр. Аяулы мектебімізді, асыл ұстаздарымызды қимаймыз.  Болашақта таңдаған мамандығым мұнай саласындағы инженер-технолог мамандығы.

Салтанат Жалиева, ерекше үлгідегі аттестат иегері:
– Осы 11 жылды бітіріп, өзімнің қалаған мамандығыма ие болып, Астанаға оқуға түспекшімін. Сол үшін өте қуаныштымын.

Залдағы 32 түлектің әрқайсысының арқалаған арманы бар екені айтпаса да белгілі. Қалаған мамандық иесі атану, ата-ана үмітін ақтау, еліне адал қызмет ету – олардың алдағы мақсаты.

Инеш Шоқақова