Ауыл шаруашылығы

Үкіметте мал шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды

 

 

 

Үстіміздегі жылы елімізде ет өндіру көлемі бір жарым пайызға, сүт – 0,6, ал жұмыртқа өндірісі жеті пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, мал басы да көбейген. Бірақ оның ішінде асыл тұқымды малдың үлес салмағы азайыпты. Министрліктегілер асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді мақұлдап отыр. Бүгінде заң жобасы Мәжілістің қарауына жіберілген. Бұл өзгерістер Қазақстандағы бүкіл асыл тұқымды малды субсидиялауды қарастырады. Яғни, мәртебесіне қарамастан барлық шаруашылықтардағы малға мемлекеттен қаржы бөлінбек. Сонымен қатар асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарды аттестациялау қызметін жергілікті өкілетті органнан салалық министрлікке беру көзделіп отыр. Өйткені бұндай серіктестіктердің саны күрт өсіп кеткен. Биыл елімізге шеттен 10 мың бас асыл тұқымды мал жеткізілмек. Ал келесі жылы 12 мың бас әкелінеді. Айту керек, бұл бағытта біздің облыс жоспарды асыра орындаған. Үстіміздегі жылы 2200 бас малдың орнына, 3 543 жеткізіліпті. Мұнымен қатар етті бағыттағы тағы 800 бас төл әкелу межеленіп отыр. Ал малды идентификациялау жұмыстары бойынша біздің өңір Батыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарымен қатар көш соңында келеді. Отырыс соңында Үкімет басшысы облыс әкімдеріне мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
  Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін өңір басшысы Серік Біләлов алда тұрған маңызды міндеттерді айқындады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мал шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізу керек.
Ай сайын менің төрағалығыммен кеңес өткізіп, өңірлік бағдарламаның жүзеге асырылуын қарастырамыз. Қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу шарт. Бұл бағытқа бүгінде 53 млн.теңге қаражат бөлінді.

Бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жобаларын қаржыландыруға бөлінген қаражат игерілмей жатыр. Облыс әкімі қаржы институттарының өкілдеріне агроқұрылымдардан түскен өтініштерді қарастыруды жеделдетуді тапсырды.

Айымгүл Әбілева