Көлік және жолдар

Кеденде көлік рәсімдеудің жаңа тәртібі

 

Шетелден тікелей тасымалданатын көлікке мінемін деушілердің құлағына алтын сырға. Азаматтар бұл мақсаттарын жүзеге асыру үшін бүгіннен қалмай тіркеуден өтуге асыққаны жөн.

 Сән Жұмағазина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің аға маманы:
–  №682 ҚР үкіметінің қаулысы өз күшін тоқтатады. Яғни бұл дегеніміз 1-ші шілдеден бастап жеке тұлғалардың шетелден әкелінген автокөліктері үшін Кеден одағы мүшелері Қазақстан, Ресей, Белоруссияның бірыңғай мөлшерлемесімен төленеді.

Енді жеңілдетілген тариф жойылып, орнына Кеден  одағының бірыңғай төлемі енгізіледі. Бұған дейін 3-10 жылға дейінгі көлік нысандарын рәсімдегенде қозғалтқышының әр текше сантиметіріне 0,35-0,6 еуроға дейін жұмсалған. Ал жаңа талап бойынша кедендік баж салығының көлемі бірден 10 есеге артатын болады.  Мәселен, қозғалтқышының көлемі 2 мың текше сантиметрді құрайтын шетелдік көлікті рәсімдеу үшін 800 еуро қажет. Алайда бұл жеңілдетілген тариф 1-ші шілдеден заңды күшін жояды. Кейін Кеден одағының ортақ талаптарына сәйкес бұл сома 8 мың еуроға дейін жетпек.  Жаңашылдық қозғалтқышының көлемі аз автокөлік иеленемін деушілердің де қалтасын мықтап қағатын болады.

Сән Жұмағазина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің аға маманы:
– 5 жылдан асқан автөкөлік қозғалтқышының көлемі 1,5-1,8 ондыққа дейінгілердің кедендік баж салығы 3,5 еуро болады. Немесе ол төлем 5 мыңнан 6 мың еуроға дейін жетеді.  

Бүгінде “Петропавловск-авто” кеден бекетінің уақытша сақтау қоймаларында әлі рәсімделмеген 100-деген көлік нысаны тұр. Олардың  иелері мұнда алып келсек, іс бітті деп ойлайтын көрінеді. Алайда мәселе бұнымен шешілмейді дейді мамандар. Көбінің сәйкес құжаттары толық емес.

Сән Жұмағазина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің аға маманы:
Барлық автокөлік иелеріне айтарымыз уақытша сақтау қоймасында тұрған автокөліктерді жеңілдетілген тәртіпте уақытында рәсімдеп үлгермегендері 1-ші шілдеден бастап Кеден одағының  бірыңғай төлемімен рәсімделеді.  

Сергей Котовский жеңілдетілген тарифтің соңғы мүмкіндігін пайдаланып қалғандардың бірі. Германиядан мініп келген темір тұлпарын уақытында рәсімдеп үлгерді.

Сергей Котовский:
Қажетті құжаттарың болса, көп уақытыңды жоғалтпайсың. Мен бір күннің ішінде бар істі тындырдым. Алдағы өзгеріс жайында естідім. Әрине, оның пайдасы бар, сапалы көліктер ғана келетін болады. Тек оны рәсімдеу жағына келсек, көбінің қалтасы көтермейді, тым қымбат. Сондықтан шетелден ағылатын машиналар азаяды. Есесіне ішкі нарықтағы көліктердің бағасы күрт өседі.  

Осыған орай шетелдік маркілі жеңіл көліктерді ескі тәртіппен әкелуге жанталасып жатқандардың саны артқан. Сондықтан бұндай рәсімдеудің жаңа түріне легіп қалмас үшін соңғы күндері Ресейден көлік тасымалдайтын еліміздің өзге аумақтарының тұрғындары да солтүстікқазақстандық бекетке ағылуда. Соңғы 6 айдың өзінде жеңілдетілген тәртіппен 17 мыңнан астам көлік нысаны тіркеліпті.

Бауыржан Сәрсенбаев,  “Петропавловск-Авто” кеден бекетінің бастығы:
– Біз осы күндері штаттық құрамды 2 есеге арттырдық.
1-ші шілдеге дейін тәулік бойы жұмыс жасайтын боламыз. Кедендік төлемдерді қабылдайтын өңіріміздегі “Қазақстан халық банкі” АҚ, саудаөндірістік палатасы мен көлікті тексеріп сертификаттайтын серіктестіктер де демалыссыз еңбек етеді. Сондықтан ұзын сонар кезек болады деп алаңдаудың қажеті жоқ.  

Жаңа тәртіп бойынша елімізге қоршаған ортаға зиянды заттарды аз бөлетін Еуро-3 стандартына жауап беретін машиналар ғана енгізілетін болады.

Жеңіс Ермұқанов