Аптадағы маңызды жаңалықтар

Озық технологиялар таныстырылды

  
 

 

 

Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты  жаңғырту бағытында алдағы он жылға ауқымды жұмыстар жоспарланған. Бұл ретте желілерді жөнге келтіруде жаңа технологияларды пайдалану қажет-ақ. «Росс Трейд» ЖШС-нің өкілдері солтүстікқазақстандықтарға «Даттис Сервис» неміс компаниясының озық технологияларын ұсынып отыр. Бұл орау тәсілі арқылы кәріздік коллекторды қалпына келтіру.

Рамиль Хайбуллин, «Ross-Trade» ЖШС директоры:
– Бұл жұмыста басты элемент пластикалық профиль болып табылады. Жер бетінде ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Екі люк ашылып, құдықтан құдыққа дейін санация жүргізіледі.
Сосын профильге құрылғы орнатылады да, орау процесі басталады. Сөйтіп ол тұтас құбырға айналады. Айту керек, бұл кезде кәріздік жүйедегі жұмыс тоқтамайды.  

Рамиль Хайбуллиннің айтуынша, жаңа құбырдың жарамдылығы елу жыл. Тың технология әзірге Қазақстанда іске аспаған. Тек Мәскеудегі тәжірибеге сүйеніп қана оның артықшылығы жөнінде айтуға болады. Қайткен күнде де аталған технология әдеттегі әдістен 10 пайызға арзан деп сендірді. Ал су жүйелерін қалпына келтіру үшін өзге тәсіл керек. Бұл ретте тозығы жеткен құбыр цементтіполимерлік ерітіндімен қапталады.
 
Рамиль Хайбуллин, «Ross-Trade» ЖШС директоры:
Құбыр тот, қалдықтарданн тазартылады. Кейін орнатылған қондырғы арқылы құбыр цементтіполимерлік ерітіндімен қапталады. Бұл әдістің тиімділігі зор. Тот пайда болмайды. Тегіс болғандықтан, құбырдың өткізу мүмкіндігі жоғарылап, судың түсі өзгермейді. Әрі бұл технология арзанға түседі. Кемінде 15 жылға кепілдік береміз.

Жергілікті кәсіпорын мамандары жаңа технологияларды пайдаланбас бұрын жете зерттеу керек деп есептейді. Жиында облыс әкімі бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында күрделі жөндеу жүргізудің қажеттілігіне тоқталды. Осы күні облыс орталығындағы желілердің жетпіс пайызға жуығы ескірген.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
Жұмыс комиссиясын құрамыз. Қаладағы су және кәріздік жүйелердің бүгінгі жағдайына сараптама жүргізіліп, баға беріледі. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша, озық технологияларды пайдалану мүмкіндігі таразыланады.  

Бүгінгі күні компания энергия үнемдеу бойынша тағы бір технологияны сынақтан өткізіп жатыр.

 Айымгүл Әбілева