Әр түрлі

“Ғаламшарды таза сақтайық!”

 

 

 

Мұндай акция өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Оның бір ерекшелігі – жеткіншектер абаттандыру жұмыстарын жүргізетін аймақты өздері таңдауға құқылы. Акция аясында 20-ден астам учаске түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартылған.

Жандос Базарбаев,  мектептен тыс жұмыстар жөніндегі педагог, қазақ мектеп-гимназиясы:

-Қоршаған ортаны қорғау акциясына біздің қазақ мектеп гимназиясынан “Балдырған” футбол клубының ойыншылары қатысып отыр. Акцияны біз қолдаймыз. Экологиямыз таза болса, балаларымыздың  дені сау болады.

Шараға аула клубтарындағы жасөспірімдер мен студенттер белсене қатысқан. Жұмыла атқарған жұмыс нәтижесінде 150 тонна қоқыс қала сыртына шығарылыпты. Бұл қоршаған ортаны тазартуға балалардың қосқан қомақты үлесі. Ал акцияны жүзеге асыруға табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 200 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіпті.

 Анатолий Усольцев, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:
– Біздің басқарманың жұмысы тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға жұмылдыру. Бұл акция өңірімізді қоқыстан тазартып қана қоймай, өскелең ұрпақтың табиғатты қорғауға деген ынтасын арттырады деп ойлаймын.

Шара барысында белсенділік танытқан жеткіншектер мақтау қағаздарымен марапатталды. Олардың әрқайсысы өңір экологиясын жақсартуға атсалысқандарына риза.

Инеш Шоқақова