Қоғам

Экологиялық акция

 

 

 

Жастар кентінде орналасқан зиратта Ұлы Отан соғысы жылдарындағы атақты қолбасшы, генерал Шмырев жерленген екен. Мұнда соғыста алған жараларынан қайтыс болған христиан  және мұсылман жауынгерлерінің бейіттері аралас.  Отан үшін жан кешкен қайсар аталарының өшпес ерліктерін ұмытпайтын бүгінгі ұрпақ ескерткіш басына келіп тағзым етіп тұрады. Бүгін өңіріміздің белсенді жастары зиратты қоқыстан арылтып, ескерткішті жуып-шайып,  айналасын қалпына келтіруге жиналған.

Райымбек Тұрғымбеков,  №5 мектептің оқушысы:
– Біз ардагерлердің ерліктерін ұмытпаймыз. Өйткені олар өмірлерін қиып бізге ашық аспан сыйлады. біз жас ұрпақ осындай акцияларға қатысуға әрдайым дайынбыз.  

Бану Ғалымова, № 43 мектеп оқушысы:
-Бұл біздің жарқын болашағымыз үшін от кешкен аталарымызға жасаған шексіз алғысымыздың кішкентай ғана бөлігі. Бейбіт аспан астындағы тәуелсіз елдің жастары ардагерлерді мәңгі- бақи құрметтеп өтетініне сенімдімін. Біз өз кезегімізде аталарымыздың ерлігін ақтап, сапалы білім алып еліміздің гүлденуіне еңбек етеміз.  

Тазалық шарасына білек сыбана кірісіп кеткен жастардың ортасында ҰОС ардагері Петр Гладков бас- көз болып жүр. 17 жасында Украина жерінде  майданға кірген бозбала барлау тобы командирінің көмекшісі болыпты. Игі істі бастаған жастардың  ынтасына дән риза.

Пётр Гладков, ҰОС ардагері:
– Зұлым соғыс 26 млн. астам боздақтардан айырды. Мен бейбітшіліктің қызығына бөленген, бала, немере сүйген бақытты жанмын. Майдандас бауырларым осы күнге жете алмады. Жастардың осыны түсініп, мынадай игі шаралар атқарып жатқаны жүрегіме тек мақтаныш пен қуаныш ұялатады.

Биыл фашистердің тыныш жатқан Кеңес халқының ұйқысын бұзып баса көктеп кіргеніне 70 жыл толмақ. Аяғына нық тұрып, өзгелер санасқан еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл. Осы маңызды күндерді таза қалада қарсы алуға бел буған жастарды “Тыным” әйелдер қауымдастығы жиып отыр. Сыпырғыш, тырма, қапшықтармен қаруланған 50-ге тарта оқушы мен жастар ұйымдарының мүшелері бір сағаттың ішінде бауырластар моласын қалпына келтіріп тазалап шықты.

Жеңіс Ермұқанов