Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын

 

 

Кәсіп атаулының ішінде адам өміріне арашашы, денсаулығына демеу болатын дәрігер мамандығының иелері қашан да ерекше ілтипатқа ие. Алайда бұл қадірлі мамандықтың арқалар жүгі де ауыр. Қоғамымыздың ең басты байлығы – адам денсаулығын сақтауда ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан. Медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Серік Біләлов игілікті істеріне сәттілік тіледі.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Алғашқы байлық – денсаулық дейді дана халқымыз. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту әрқашан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарында. Ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбегін халқымыз да айырықша бағалайды. Құрметті медицина қызметкерлері! Халқымыздың денсаулығы үшін күресте сіздерге зор табыс, қажымас қайрат тілеймін. Мереке құттық болсын!

Елімізбен қатар өңірімізде де денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер орын алуда. Соңғы жылдары медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Облыста жаңа ауруханалар ашылып жатқанын атап өткен жөн. Кадр тапшылығы мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл сайын облысқа еңбек етуге келетін 60-тан астам жас маманға көтермеақы беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Өз кезегінде бұл шаралар соңғы екі жылда кадр тапшылығын 1,6 есеге төмендетуге мүмкіндік берген. Сәйкесінше бұл жұмыстардың нәтижесі – денсаулық сақтау жүйесіндегі оң көрсеткіштер. Мәселен, үстіміздегі жылдың бес айында бала туу көрсеткіші 4 пайызға өсіпті. Бала өлімі 19 пайызға төмендесе, ана өлімі мүлдем тіркелмеген.

Бибігүл Көжекбаева, облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі:
– Облыстық перинаталдық орталықта өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілуіміз өте жақсы. Екі жылдан бері біз бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Кейбір күрделі тұстары бар, бірақ ана мен бала, яғни біздің сала бойынша айтатын болсақ, көмекті регионалды түрде жүргізуге көмегі болып жатыр.

Салтанатты шарада адал еңбегімен елге танылып, өз мамандығының шебері атанған бір топ медицина қызметкері марапатқа ие болды. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медаліне екі жерлесіміз лайық деп табылды.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:
– Онкология саласы 20 жыл ішінде өз дамуын тапты. Қазіргі кезде ерте табылатын аурулар 48 пайызға жетті. Және асқынған аурулар азайып, 5-6 жыл ішінде біздің диспансерде операция саны екі есеге көбейді.
Саны ғана емес, сапасы да артып келеді. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасамыз.

Бірқатар жерлесіміз «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне, Денсаулық сақтау министрінің құрмет грамотасы және алғыс хаттарына ие болды. Облыс әкімінің марапаттары да өз иелерін тапты. Ал ем қолдануда инновация енгізген облыстық аурухананың нейрохирургия және үшінші қалалық аурухананың травматология бөлемшелерінің ұжымына бағалы сыйлық тарту етілді. Қуантарлық жәйт, биыл республика бойынша «Үздік дәрігер» атағына біздің жерлесіміз кардиологиялық орталықтың қантамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Череда лайық деп табылған. Бүгін ол Астанада құттықтаулар қабылдап жатыр. Марапат иесі салтанатты шарада болмаса да, әріптестері қол соғып зор құрмет көрсетті.  
Енді дәрігерлер тәуелсіздіктің жиырма жылында жеткен жетістіктерді еселеу міндетін алға қойып отыр. Жоспар үлкен. Оның бастамасы – шетелдік мамандармен әріптестік оң жолға қойылмақ. Шілденің жиырма бесі облыс дәрігерлері Израиль мемлекетінен келетін үлкен делегацияны күтіп отыр.

Айымгүл Әбілева