Билік

Қазақстанның ШЫҰ төрағалығы табысты болды деп бағалайды саясаттанушылар

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 2001 жылы Қазақстан, Ресей, Кытай, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты «Шанхай бестігінен» құрылған әлемдегі аса беделді ұйымдардың бірі. Оның негізі – Шекара аумағында әскери саладағы сенімді нығайту туралы Шанхай келісімі мен Шекара аумағында қарулы күштердің өзара қысқартылуы туралы Мәскеу келісімі. Бүгінгі күнге мүше мемлекеттер арасында өзара сенім мен тату көршілікті нығайту, аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми техникалық, мәдени ынтымақтастықты арттыруды мақсат қылған ұйым халықаралық сахнада үлкен беделге ие. Оның жарқын айғағы қазірде қамтып отырған мәселелері мен атқарған істері. Олардың бірқатары соңғы саммитте кең талқыланды.

Серік Зұлпыхар, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, саясаттану пәнінің оқытушысы:
– Елбасының ұсынысы бойынша мүше мемлекеттер арасында электрондық шекара құру мәселесі көтерілді, сондай-ақ долларды қытайдың  юанымен ауыстыру туралы ұсыныс болды және ұйым арасындағы сепаратистік, террористік ұйымдарға жол бермеу мәселелері көтерілді.

Қазақстан «Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық жолындағы 10 жыл» деген ұранмен өткен төрағалығы кезінде 100-ден астам бірлескен іс-шара ұйымдастырды.  Алдағы уақытқа межеленген жоспар заман талабына сай тіптен көп. Атқарылған істерді бағамдап, жоспардағысын шамалап үлгерген М.Қозыбаев атындағы СҚМУ саясаттанушысы олардың да ойдағыдай орындаларына азаматтық тұрғыда зор сеніммен қарайды.

Серік Зұлпыхар, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, саясаттану пәнінің оқытушысы:
 -Осы уақытқа дейін 6 мемлекет ішінде террористік ұйымдар көп болды. Ресейде болды. Соның салдарын жою, шекаралық бақылауды күшейту жоспарда бар. Бұл жас ұйым. Алда Қазақстан мен басқа 6 ел одан көп үміт күтеді.

Алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  ынтымақтастықты нығайтып, заманауи қауіп-қатерлерге лайықты тойтарыс беруі үшін ШЫҰ  мықтап қолға алуы тиіс 4 мәселені атап өтті. Ол лаңкестік, экстремизм, есірткімен күресті мықтай түсу, біртұтас көлік-энергетикалық кеңістік құру, ұйым аясында тығыз экономикалық ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ «Су-азық-түлік» комитетін құру жөніндегі бастамалар. Ал отандастар үшін қуантарлық ең басты жайт, Қазақстан өз төрағалығын сәтті аяқтап, тізгінді Қытай Халық Республикасына тапсырды.

 Кәусар Аяпбергенқызы