Денсаулық сақтау

Антына адал дәрігер

 
Ермек Әбдірімовтың  осы салада қызмет етіп жүргеніне биыл 36 жыл. Осы жылдарда  “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі”, “КСРО өнертапқышы” төс белгілеріне, “Астана”медаліне ие болған. Бала кездегі арманына жеткен  білікті маман адам денсаулығына деген үлкен жауапкершілік  арқалап жүргеніне еш өкінбейді.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің  бас дәрігері:
-Дәрігер боламын деп 9-10-класста армандадым. Мен өзім математика, физиканы жақсы көретінмін. Бірақ та дәрігер боламын деп соның бәрін тастап, инженер болмай, темір жол институты, менің әкелерім, туысқандарым сонда бар деп айтқан. Бірақ мен бәрін тыңдамай, дәрігер боламын деп мектеп бітіргеннен кейін медицина институтына түстім.

Ермек Әбдірімов 19 жыл облыстық онкологиялық диспансерге басшылық етіп келеді. Осы уақыт аралығында емдеу мекемесінде химиотерапиялық, маммологиялық, гинекологиялық және онкоторальдық бөлімдер ашылды.

Емхана қажетті жабдықтармен қамсыздандырылып, хирургиялық корпус жөндеуден өтті.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің  бас дәрігері:
Диспансерлердің бәрінде жаңадан сәуле аппараттары бар. 4 аппараттан алдық: 1-уі 100 млн-нан, 4-уі  – 400 млн-ға аппараттар алынды. Сонымен қатар 2005 жылдан бері барлық онкологиялық дәрілерді республика алып береді. Өте қымбат. Бұл   Батыс .Еуропа елдерінде шығаратын дәрілер.

Онкологиялық диспансердің дәрігерлері 2 жылда бір рет шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып тұрады. Көбіне Ресей дәрігерлерімен үзеңгі қағыстыра қызмет етуде.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің  бас дәрігері:
Біздің облысқа жуырда Түменнен келді, Омбыдан келді, Қорғаннан келді, олармен қатынасып тұрамыз. Челябинск қаласының онкологтарымен қарым-қатынас жасаймыз. Олармен схемаларымыз бірдей, бірақ оларда дәрі сатып алу біздің Қазақстандай жоқ. Мемлекет өзіне алған жоқ.

Онкологиялық диспансерде 41 дәрігер қызмет етеді. Барлығы да бас дәрігердің тәжірибесін жоғары бағалайды. Солардың бірі 14 жыл бойы осы мекемеде еңбек етіп келген Виктор Фрешер.

Виктор Фрешер, облыстық онкологиялық диспансердің  хирургі:
–  Ермек Ғаббасұлы дәрігер ретінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Басшымыз ретінде де бізге әрдайым түсіністікпен қарап, керек жағдайларда қол ұшын беріп отырды.  

Ермек Әбдірімов 2 баланың әкесі және 4 немеренің атасы. Балалары дәрігер болуды қаламапты. Бар үміт немерелерімде дейді ақ халатты абзал жан.

Айдана Демесінова