ТКШ

Тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы

 

 

Петропавлдағы барлық 1035 тұрғын үйдің 346-сы күрделі әрі аса ауқымды жөндеуді қажет етеді. Бұл пәтер иелерінің шамасы жететін шаруа емес. Сондықтан мемлекет халыққа қол ұшын созып, аталған бағдарламаны ұсынып отыр. Ал оны іске қосудың алғашқы шарты  – халықтың келісімі. Әсте арзанға түспейтін, бірақ жайлы әрі үнемді тұрақтың кепілі бола алатын бағдарламаның көпке жақпайтын бір тұсы – жөндеудің толықтай тұрғындар есебінен қаржыландырылуы.

Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Негізгі жұмыс тұрғын үйлерге емес, қаладағы желілерді ауыстыруға қатысты. Ол кәсіпорындардың есебінен жүзеге асатын іс. Сәйкесінше су, жылу, электр энергиясының да бағасы өседі. Ал оның бәрін үнемдеу үшін тұрғын үйлерде энергия үнемдеу жүйесін орнату қажет.

Бүгінге дейін қала бойынша 12 пәтер иелері кооперативі бағдарлама шарттарын қабылдап, келісімдерін берді. Үйдің жөндеуді қажет ететін тұсын, сәйкесінше, төленетін қаржының мөлшерін де өз мүмкіндіктеріне қарай тұрғындар шешеді.

Сергей Худяков,  «Қазақстанның тұрғын үй -коммуналдық саланы жаңғырту және дамыту орталығы» СҚОФ директоры:
-Бір нәрсені ескеру қажет, үкімет беріп отырған осы көмектен бас тартуға болмайды. Ол мемлекет үшін тиімсіз, ал халық үшін өте тиімді. Әуелі барлық жұмыс облыс бюджетінен төленеді. Кейін ол тұрғындарға әдеттегі коммуналдық қызмет үшін төленетін есеп-шотқа қосылып келеді. 

Мамандар шамамен есептеп қойыпты. Бір тұрғын үйді жөндеуге 30 млн теңге жұмсалса, 7 жыл ішінде әр пәтер иесі айына 3000-теңгеден төлейтін болады. Әлбетте, үйдің көлемі, пәтер тұрғындарының саны мен орташа жалақы ескеріледі. Төлеуге мүлде мұршасы жетпейтіндердің жағдайын да үкімет естен шығармапты.

 Мереке Мұхамедьяров,  Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы:
–  Отбасыныңе шығыны  айына табыстың  10%-нан асатын болса,  жеке пәтері бар қаланың тұрақты тұрғындары үшін тұрғын үй көмегі қарастырылған. Бұл мақсатқа бағдарлама аясында 145 млн теңге бөлінді.

 

Бағдарламаның тағы бір айтарлықтай басымдығы – жөндеу жасалған пәтердің құны бірден 20-25%-ға артатын болады. Қысқасы, мемлекет қолдан келген көмегін ұсынып отыр, оны іске жарату халықтың қолында.

Кәусар Аяпбергенқызы