Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысының Аққайың және М Жұмабаев аудандарына жұмыс сапары

 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен Аққайың ауданына қарасты Лесной ауылдық округінің диқандарымен кездесті. Мұндағы “Дайындық” ЖШС биыл 7216 га жердің 6 мыңына бидай сеуіпті, қалған аумаққа арпа, сұлы дәнін сіңірген. Егіс алқаптарын химиялық өңдеуден өткізу жұмысы маусымның 14-де  басталған. Серіктестіктің бас агрономы Ермек Қасенов бүгін техниканың дәрі себуіне күшейген жел қолбайлау болып тұрғанын айтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Маусым айының ортасы болып қалды, қазір гербицидпен өңдеу керек, әрі кеткенде 25-28-не дейін аяқтау қажет. Одан кейін кеш болады.

Ауа райы бөгет болмаса, серіктестіктегі екі агрегат күніне 500 га жердегі арамшөпке қарсы дәрі сеуіп үлгереді екен. Серіктестік бұл жұмысқа тағы бір дәрі сепкішті қосамыз деп отыр.Сөйтіп, 7-8 күнде  аяқтау жоспарланған. Ал шөп шабуды әлі басталмапты да. Аққайың ауданында 16 мың бас қара мал бар. Қыстап шығу үшін кемінде 5 мың тонна шөп қажет. Сондықтан өңір жетекшісі мал азығын әзірлеуге бүгіннен бастап кірісу керектігін баса айтты.
Ал Владимир Зимин басқаратын шаруа қожалығы өздеріне тиесілі алқапты зиянкестерге қарсы дәрілеуге асықпайтын көрінеді. Соның салдарынан егіс алқабын бидай емес, арам шөп басып кеткен. Аймақ басшысы құрылым басшысының  немқұрайлығын қатты сынға алды.  Ал Григорьевский ауылдық округінде Павел Леонов пен баласы Яков Леоновқа қарасты “Сантамария” және “Леонов” шаруа қожалықтарында мүлдем керісінше көрініс. Өңдеу жұмыстары уақытымен орындалып, астық біркелкі шыққан. Серік Біләлов мұндағы тындырылған іске оң баға берді. Облыс әкімі сондай-ақ “Полтавское” серіктестігіндегі мал фермасының құрылысында болды. Мұнда 515 бас қара мал бар. Оның 195-і сауын сиырлар. Әрбіріне 200-ге дейін зеңгі баба төлі қыстайтын 3 қора салынып жатыр. Шаруашылық басшысы Елтай Зікірін жақында шетелден тапсырыспен заманауи құрылғылар келеді деп күтіп отыр. Күзге дейін мал қоятын орындар дайын болады деп жоспарлануда. Қыстың қамын жаз ойлайтын серіктестік басшысы былтыр қуаңшылықтың кесірінен жүдеп шыққан мал биыл азықсыз қалмайды дейді. Шөп шабу жұмыстарын ерте бастан қамдап жатыр. 1700 га шабындықтың жартысынан астамы нәрлі көпжылдық шөп екен. Иванов ауылдық округінің орманшылары жер асты суларынан зардап шеккен орманды отынға жаратып жатыр. Өңір жетекшісіне орманшылар оны аз қамтылған отбасылар мен ардагерлерге тегін тарататындықтарын жеткізді. Жалпы облыс бойынша батпақта орналасқан 1220 га орман алқабы өлі тоғайларға айналған. Уақытында пайдаға асырмаса шіріп кетеді дейді мамандар. Серік Біләлов аталмыш округтегі “Үлгілі жер” ЖШС арамшөпке қарсы күресетін техникаларымен танысты. Серіктестік алқаптарына химиялық өңдеуді тәулік бойы үздіксіз жасайды екен. Заманауи дәрі сепкіш бір түнде 450 га жерге дейін игеруге қауқарлы. Жалпы Аққайың ауданында 185 мың га егіс алқабын дәрілеуге 91 агрегат пен 5 ұшақ тартылыпты.
  Ал М. Жұмабаев ауданындағы 45 серіктестік пен 309 шаруа қожалығына қарасты 400 мың га алқаптың бүгінде 15 пайызы арамшөпке қарсы дәріленген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биылғы жауын-шашынның кесірінен арам шөп ерте шығып кетті.
Біз Аққайың және М. Жұмабаев ауданында осыған көз жеткіздік. Сондықтан гирбицидпен өңдеуді кешіктірмей жасау керек. Егіс науқанын сәтті аяқтадық. Бүгінде шығыны жаман емес. Егер қалған технологияларды дұрыс уақытымен қолдансақ , мол өнім алатынымызға сенімдімін.

Ауданда мал шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Мұндағы агроқұрылымдардың көбі егін себумен қатар мал ұстайды екен.

Николай Туницкий, “Таманское” ЖШС директоры:
Биыл алғаш рет 100 бас қазақтың ақ бас сүтті сиырларын алдым. Олардың азығын да сеуіп қойдым. Қазір шөп шауып жатырмыз. Олардың өсуіне қажетті өзге де талаптарды орындасам, алдағы уақытта санын арттырамын деп отырмын.   

“Авангард” ЖШС биыл етті және сүтті қара мал басын мыңнан асырыпты. 17 мың га алқаптың 6 мыңына мал азығы, қалғанына бидай егілген. Оған қоса 22 мың га шабындық бар. Серіктестік директоры Александр Сивхард қазір шөп шабу жұмыстарына қыза кіріскен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бүгінгі ауа райына қарағанда шөп мәселесі өте ерекше. Осы шөпті ауылдарда бригада ұйымдастырып ардагерлерге дайындауға аудан әкімдеріне тапсырма беріп отырмын.  

Сондай-ақ аймақ басшысы аудан, ауылдық округтердің әкімдеріне арамшөпке қарсы күрес жұмыстарын алдағы 10 күннің ішінде аяқтауды міндеттеді.

Жеңіс Ермұқанов