Билік

Төртем туған анаға жаңа пәтер сыйға тартылды

 

 

Ивановтар отбасы 10 жыл бойы сәби сүюді армандапты. Енді міне бірден 4 қыз баланың ата-анасы атанып отыр. Облыс әкімі Серік Біләлов отбасының қуанышына ортақтасып, бақытты ананы құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Барлық облыс тұрғындарының атынан сізді шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге шаңырағы биік, босағасы берік ауқатты отбасы болуларыңызды тілеймін. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында осындай зор бақытқа кенеліп отырсыз. “Ұрпақ қоры” бағдарламасы бойынша әр нәрестеге депозиттан есеп шот ашылды.

Сондай-ақ аймақ басшысы бөбектердің анасын тағы  бір жағымды жаңалықпен қуантты. Бірден көпбалалы отбасы атанған Ивановтар әулетіне облыс орталығындағы үш бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді. 4 нәрестені дүниеге әкелген бақытты ананы қала әкімі Нұржан Әшімбетов, СҚО ІІД бастығы Мұрат Ұрымханов та құттықтады. Отағасы Андрей Қызылжар аудандық ІІБ қызметкері екен. Енді аға инспектор кішкентайларының маңынан алыстамай, облыс орталығының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.

Светлана Иванова:
Біз пәтер иесі атанамыз деп ойлаған да жоқпыз. Әрине, қуанышты жаңалық. Жаңа баспанада қыздарымызды тәрбиелеп өсіреміз. Біз үшін үлкен  көмек болды.  

Немерелерін қолға алып бағуға асыққан төртемнің әжелері Любовь Владимировнаның қуанышында шек жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, бөбектер мерзімінен бұрын туған, бірақ олардың денсаулығына төнер еш қауіп жоқ. Маша, Тоня, Лиза, Катя есімдері берілген сәбилер екі аптадай қалыпты салмақ жинаулары тиіс. Көп кешікпей Андрей мен Светлана 4 қызымен бірге қоныс тойын тойлайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов