Спорт

Евгений Тетюхиннің жеңісі

 

 

 

 

Университеттегі бір кафедраның маңдай алды оқытушысы, жүздеген студенттің сүйікті ұстазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – мұның бәрі бір ғана адамға қатысты айтылған сөз. Университетке Евгений Тетюхин осыдан 39 жыл бұрын келіп, кафедраны құруға атсалысты. Бүгінгі күнде ол өзінің ізін қуған жастар арасында жолбасшы ғана емес, қамқор әке атанып та үлгеріпті.

 Әлия Әлімова, герман филологиясы кафедрасының студенті:
– Бүкіл студенттерге ол үлгі, біз оны құрметтейміз. Оның сабақтары басқа мұғалімдерге қарағанда қызықты, ол студентпен жақсы қарым-қатынас жасай алады.

Евгений Тетюхин 3 жасында аурудың тұсауына түсіп, ғұмыр бойына мүгедек арбасына таңылды. Есесіне, оның өмірінде тағы бір маңызды бағыт пайда болды. Биыл елінің тәуелсіздігімен қатар, Евгений Тетюхин спорттың шыңындағы 20 жылдығын да атап өтпек. Мерейтойлы жылдың соңғы жетістігі Мәскеудегі «Воробьевы горы -2011» халықаралық сайысының марафон тобында – бірінші, абсолютті сынағында екінші орынды жеңіп алған.

Евгений Тетюхин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– 20 жыл ішінде мен Греция, Австралия, Жаңа Зеландия, Аляскада болдым. Екі рет параолимпиада ойындарына қатыстым. Өз елімізде әлі дами қоймағанмен, әлем бойынша жарымжан адамдарға көп көңіл бөлінеді. Мен өзге ердерде Қазақстанның атын үнемі мақтанышпен қорғаймын. Алдағы мерейтойлы жылдарды тойлағанда бізде мүгедектер спорты дамиды деген сенімдемін.

Спорт болмаса менің сабақтарым да нәрсіз болар еді дейді ұстаз. Бұл оның біліктілігінің бір сыры болса керек. Жайдары жанның жан-жақтылығын сөзсіз оның студенттері де біледі, мақтан тұтады. Өз шәкірттерінен  бөлек, Евгений Петрович құрған ағылшын тілі клубына басқа мамандықтың студенттері де келетін көрінеді.

 Сәлімхан Сәбит,  журналистика мамандығының студенті:
-Мен ағылшын клубында көп дос таптым. Олармен біз ағылшынша сөйлеуге үйренеміз. Оны басқаратын Евгений Петровичке алғыс айтамын. Соның арқасында мен аздап ағылшын тілін үйрендім.

Ал биыл университетті тәмамдағалы жатқан студенттеріне педагог қимастықпен қараса да, өз еңбегінің жемісін көріп сүйсінеді. Ұстаздықтың бақытын Евгений Тетюхин осы жастарға қарап сезінсе керек. Ал спорттық жолда ол ешқашан талмай, жаңа жеңістерге қарай ұмтыла беремін деп қуана айтады.

Кәусар Аяпбергенқызы