Энергетика

Энергетиктердің жоспары ауқымды

 

 

 

Брусиловский көшесінің бойында жөндеу жұмыстары маусымның 1-нен басталды. Мұнда 2 мердігер компанияның 20-ға таман жұмысшысы 1 шақырымдай тозығы жеткен құбырды алмастырды. Бұрынғыдай жерге емес, арнайы каналға орналастырылған құбыр ұзақ мерзімге шыдауы тиіс деп отыр мамандар. Бүгін осы маңдағы үйлерге ыстық су жіберілмек.

Александр Ошмаров, “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС жөндеу қызметінің аға шебері:
– Құбырды жаңа технологиямен алмастырып жатырмыз. Бұл жылумен қамту сапасын жақсартып, шығынды азайтады. Кеше тиектерін жасадық, бүгін құбырды іске қосамыз.

Бүгінгі таңда Петропавлдағы 150 тұрғын үй мен Бензострой поселкесі жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты ыстық сусыз отыр. Тек екіншісіндегі жұмыс жоспарда болмаған. Мамырдың ортасында Бензострой поселкесіндегі жылу құбыры орналасқан эстакаданы басқа кәсіпорынның автокраны соғып кеткен екен.

 Андрей Калиничев, “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС директоры:
– Осы келеңсіздікке байланысты Бензостройдағы жоспарлы жөндеуді тамыздан маусымға жылжыттық. Апаттың шығыны 18 млн- теңгені құрады. Қазір эстакаданы қалпына келтіру үшін қосымша қаржы іздестіріп жатырмыз. Мәселенің шешімін таптық. Қыркүйек айында ол ауданға ыстық су жібереміз деп отырмыз .

Негізгі жұмыс аумақтары қала бойынша Советская-Ізтөлин,  Абай көшесі бойындағы Гоголь-Некрасов көшелері мен №2 жылу-электр орталығының ауданы. Мұның бәрі кезеңмен өтетін аса ауқымды іс.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС директоры:
– Жөндеуге 2 мердігер ұйымды тарттық және көшеге асфальт төсеу үшін «СУ-808» компаниясымен келісім-шарт жасастық. Жөндеуге қажетті құралдар, техника мен жұмыс күші жеткілікті. Әлі де уақытша жұмысшыларларды аламыз.

Қаладағы 12 шақырым жылу жүйесін алмастыру үшін барлығы 450 млн теңге жұмсалмақ. Күзге дейін жұмыс толық аяқталуы тиіс. Орайы келгенде, кәсіпорын басшылығы, мұның бәріне тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұрайды. Өйткені жөндеу жүретін аудандар жаз бойына ыстық сусыз қалулары әбден мүмкін.

 Кәусар Аяпбергенқызы