Қоғам

Қазақстан -ұлтаралық келісімнің үлгісі

 

 

 

Халықтар достығының арқасында мемлекетіміз 20 жылда талай биіктерді бағындырды. Жастардың ақпараттық-сараптамалық орталығының өкілдері ұлттардың мызғымас достығын баянды етуге үлесімізді қосуға әзірміз дейді.

Зәкіржан Мамлютов, “Жастардың ақпараттық-сараптамалық орталығы” ЖҚБ төрағасы:
– Семинарға Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық орталықтары жиылып отыр. Кездесуде 20 жылда атқарған істерді сараптай келе, кейінгі толқынды қай бағытта тәрбиелеу керек екендігі айтылады. Жиылғандар бүгін көрсетілетін жаңашыл әдістерді алдағы уақытта пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамын.  

Семинарға қатысушылар еліміздегі ұлттар достығы жайлы сұрақтарға жауап беріп, ойындарға қатысты. Оның талаптары да тартымды болды. Жиылғандар әр ұлттың өзіне тән 5 қасиетін айтуы керек. Сағындық Салмұрзин неміс халқының негізгі қасиеттерін тізіп шықты. Аға буын өкілі мұндай бас қосулардың маңызы зор екендігін алға тартты.

Сағындық Салмұрзин, «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы:
– Президент ақырғы сессияда, 17-ші  сессияда айтқандай «білем деп жұмыс істеп жүрген адамдар көп, бірақ білетін адамдар аз, жоқтың қасы» деген-ді. Сондықтан қазіргі уақытта осындай семинар- тренинг керек, қазіргі этномәдени орталықтардың жетекшілері көп білімді игеріп, әрі қарай дұрыс жұмыс істеу үшін соны жадына сақтап, жақсы жұмыс атқару үшін көп білу керек.

Ерекше өткен семинар тренинг өзге де қатысушылардың көңілінен шықты. Олар мұндай отырыстар жастардың бойында аға буын өкілеріне деген құрмет, елге деген отансүйгіштік сезімдерін тудыруға септесетінін айтуда.

Раиса Бикмухаметова, «Дуслык» татар-башқұрт мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
– Осындай шаралар жастардың ғана емес, сондай-ақ біздің жасымыздағы азаматтардың да қызығушылығын арттырады деп ойлаймын. Өзге халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуға жақсы мүмкіндік.  

Ұйымдастырушылар мұндай шараны алдағы уақытта Қызылжар, Мамлют және Жамбыл аудандарында өткізуді көздеп отыр.

Айдана Демесінова