Қоғам

Жасөспірімдер еңбегін қорғау

Өткен жылы өңірімізде кәмелет жасына жетпегендердің жұмыс күшін пайдаланудың 4 фактісі тіркелді. Араларында тіпті жасөспірімдерге тыйым салынған еңбек түрі – жүк тасумен айналысқандар да кездесіпті. Мәселен,  Аққайың ауданының 17-ге енді шыққан тумасы азын-аулақ тиын-тебен табамын деп астық салынған 50 келілік қаптың әрбірін 10 теңгеге артып отырған екен. Өңір прокурорларының биылғы тексерістері әзірге жұмыс берушілердің тарапынан ондай заңбұзушылықты анықтаған жоқ. Тек Тимирязев ауданындағы орта кәсіптік білім беретін оқу мекемесінен студент қыздардың бірінің сабаққа  қатыспай жүргендігі туралы шағым түскен. Оқуын тастаған шәкірт бұл әрекетін жұмыстан қолы босамай жүргендігімен түсіндірген. Қазір мәселенің мән-жайы анықталуда.

Вячеслав Банковский, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Бізде балалардың еңбегі мүлдем пайдаланылмайды деп кесіп айтуға бомайды. Ондай фактілер болғанның өзінде заңсыздығын дәлелдеу қиын. Себебі жұмыс беруші жасөспірімдермен ресми келісімге тұрмайды.

Вячеслав Банковский, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Бізде балалардың еңбегі мүлдем пайдаланылмайды деп кесіп айтуға бомайды. Ондай фактілер болғанның өзінде заңсыздығын дәлелдеу қиын. Себебі жұмыс беруші жасөспірімдермен ресми келісімге тұрмайды.

Бәрі ауызша. Әсіресе жазғы демалыста азын-аулақ болсын ақша тауып қалуды көздейтін оқушылар қатары артады. Олардың жұмыс күштері өте арзан бағаланады.  

Көп жағдайда балаларын еңбек арқылы тәрбиелейтін ата-аналардың кінәсі де бар дейді мамандар. Сауалнама көрсеткендей,  қала тұрғындарының 42 пайызы балаларының жазғы маусымда бос сенделіп жүріп демалғанынан гөрі еңбек еткенін қалайды. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балалары аздаған тиынға кез- келген шаруаны атқаруға келісе кетеді екен.

Татьяна Кудрявцева, СҚО бойынша әлеуметтік қорғау мен бақылау департаментінің мемлекеттік инспекторы :
Баланың денсаулығына зиянды немесе өміріне қауіп төндіретін кез келген жұмысқа ұлттық және халықаралық заңнамаларға сәйкес тыйым салынған. Заң бойынша 14-16 жас аралығындағыларға аптасына 24 сағаттан, 16-18 жас аралығындағыларға аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Оның өзі жеңіл-желпі атқарылатын іс болуы шарт. Жұмысшының қауіпсіздігіне жауап беретін , міндеттері мен құқықтары көрсетілген құжаттар толтырылуы керек.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында кәмелет жасына толмағандардың жыл басынан мыңнан артық әкімшілік заңнамаларды бұзғаны айтылды. Алғашқы 5 айдың өзінде тәртіп сақшылары тұрмыс жағдайы төмен 227 отбасын анықтап, 362 жасөспірімді тіркеуге алды.

 Жеңіс Ермұқанов