Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте қала мәселелері қаралды

 

Бүгінде «Петропавл су» АҚ-ның қарамағындағы су құбырының жалпы ұзындығы 308,8 шақырымды құрайды. Соңғы бес жылда 55 шақырым желі ауыстырылған. Сөйтіп, қазіргі күні тозығы жеткен су құбыры 70 -тен 51 пайызға дейін азайыпты.

Аслан Сатин,  «Петропавл су» АҚ бас директоры:
-Кәсіпорында 2011-14 жылдарға арналған желілерді жаңғырту жоспары әзірленді. 96,3 шақырым су құбырын ауыстыру көзделіп отыр. Биыл – 22,3 км, 2012 жылы – 23, 2013 – 22,5 және 2014 жылы – 25,5 шақырым жаңа желі төселеді.

Облыс орталығындағы кәріздік жүйелер де ескірген. Үстіміздегі жылы кәсіпорын өз қаржысы есебінен 2,3 шақырым жүйені ауыстыруды межелеп отыр. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат тағы бар. Жалпы 2014 жылға дейін 48 шақырымнан астам кәріздік желі жаңартылмақ. Бірақ осы күні нысан басындағы жұмыс қарқыны тым баяу. Облыс әкімі Серік Біләлов жөндеу жұмыстарының кестеге сай жүрмей жатқанын қатты сынға алды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Бұрын ақша болмаған еді, қазір  бар. Енді сол қаржы игерілмей жатыр.


Өңір басшысы жөндеу жұмыстарына қосымша мердігер тартуды тапсырды. Тағы бір мәселе – коммуналдық қызмет үшін тұрғындардың берешегі үлкен. Бүгінгі күні қарыз 56 млн. теңгеге жеткен. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс жүргізу керек деді облыс әкімі.  Жылу желілерін жөнге келтіру жұмыстары да кестеден қалып қойған. «Петропавл жылу желілері» серіктестігі Брусиловский көшесіндегі құбырды ауыстыруды маусым айында бастаған. Бүгінде 500 метр құбырдың 100 метрі ғана төселіпті.  Облыс әкімі соңғы мерзімді белгіледі. Бар жұмыс тамыздың біріне дейін аяқталуы тиіс.

  Ал 2016 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің өсімін жеті пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындауда мәселе туындамайды деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Тотыкамал Құлжанова. Үстіміздегі жылы өңірде ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,6 пайызды құрайды деп болжанған.

  Отырыста сондай-ақ суда орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыс қаралды. Маусым басталғаннын бері облыста сегіз адам суға кеткен. Басты себеп – қауіпсіздік ережелерін сақтамау.  Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін құтқарушылар барлық қажетті шараларды қолға алып жатқан көрінеді. Облыс әкімі бұл бағыттағы шараларды күшейтуді тапсырды.

Айымгүл Әбілева