Билік

Облыстық азаматтық форумға әзірлік

 

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында бесінші облыстық азаматтық форум өтеді. Маңызды шарада азаматтық сектордың тәуелсіздік жылдары атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы күннің бағыт-бағдары айқындалмақ. Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және қарым-қатынас жөніндегі облыстық кеңестің отырысында форумға дайындық барысы жан-жақты пысықталды.

 Әсемгүл Есқожа, “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Облыстың үкіметтік емес ұйымдары форум аясында сегіз маңызды мәселе бойынша 10 диалог алаңын өткізуді ұсынып отыр. Облыстық басқармалар өкілдерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық жолдарын талқылаймыз. Алғаш рет осылайша мемлекеттік органдармен еркін түрде әңгіме құруды мақсат етіп отырмыз.  

Осылайша үкіметтік емес ұйымдар жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастық орнатуды көздейді. Өйткені бүгінгі таңда облыста мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасында өзара қарым-қатынас оң жолға қойылмаған дейді олар. Осы күні өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, денсаулық сақтау және ішкі саясат басқармаларымен ғана жұмыс жасайды. Аудандардағы ұйымдардың жұмысына да серпін беру керек. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы қажет-ақ дейді азаматтық сектор өкілдері. Мәселен, “Әлеуметтік технологиялар орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақ-Ләйлек Жаукина “Молодежная – жастар” облыстық газетінің таралымын көбейтуде өңір басшысынан жәрдем сұрады. Кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая мемлекеттік тапсырыстың жоқтығын айтады. “Ұрпақ” мәдени-ағарту орталығының атқарушы директоры Сағындық Салмұрзин кезекті рет “этноауыл” құру жөніндегі бастамасын көтерсе, “Экосфера” қоғамдық бірлестігінің өкілдері энергия үнемдеу бағытындағы жоба жөнінде әңгімеледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Егер жақсы бағдарламалар, жақсы жобалар болса,  екінші жартыжыдықтың қорытындысы бойынша қаржы бөлуіміз мүмкін.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бесінші азаматтық форумды жоғары деңгейде өткізу қажет. Аталған шара аясында “Үздік үкіметтік емес ұйым” байқауы мен азаматтық сектор жобаларының көрме-жәрмеңкесін ұйымдастыру керек. Ал мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кездесулері тамыздың біріне дейін ұйымдастырылуы тиіс.

Айымгүл Әбілева