Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жақында облыста күркетауық өсіретін ферма жұмысын бастауы мүмкін

 

 

 

 

Израильге жасаған үш күндік сапар барысында өңіріміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері мен облыс әкімі Серік Біләлов құрама жем зауытында болды. Мұнда мал мен құс азығын шығаруда қазіргі заманғы жаңа технологиялар пайдаланылады. Солтүстікқазақстандық делегация технологиялық процеспен танысып, әрбір азық түрінің қасиеті жөнінде білді. Зауыт өндіретін жем-азық құс пен ірі қара малдың тез өсуіне сеп дейді израильдіктер. Кейін солтүстікқазақстандықтар күркетауық өсіретін құс фермасында болды. Мамандар құс бағудың әр кезеңі жөнінде мол мағлұмат берді. 

Давид Фраге, құс фермасының өкілі, Израиль:
– Жұмыртқа әкеледі, біз оларды инкубаторға саламыз. Балапандар осында өседі, сосын сою цехына жіберіледі.

Күркетауықтың еті диеталық және пайдалы болып есептеледі. Израильде бұл өнім халықтың жоғары сұранысына ие. Әзірге израильдіктер күркетауық етімен елдің ішкі нарығын ғана қамтамасыз етеді. 2015 жылға қарай олар әлем нарығына шығуды көздеп отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері құс фермасының әрбір блогында болды. Олар Израильдегі құс өсіру технологиясының біздікінен айтарлықтай айырмашылығы бар екенін айтады.

Александр Прядко,  “Фирма Алекри” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Маған ұнағаны бұл жерде жем-азық ферма аумағынан сыртта түсіріледі. Бұл түрлі аурулардың тарауына жол бермейді. Израильдік әріптестерімізден   үйренеріміз көп.
Олардың тәжірибелері өте қызықты.

Айту керек, солтүстікқазақстандықтар израильдік компаниялармен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс жасап келеді. Мәселен, Петропавл бройлер фабрикасы – Израильдің  “М.А.Д. Корпорэйшн”  фирмасымен бірлесіп жүзеге асырылған сәтті жоба. Көп ұзамай өңірімізде тағы бір құс фермасы ашылуы мүмкін. Іссапар қорытындысы бойынша, қазақстандық фермерлер израильдік әріптестерімен бірлесе отырып құс шаруашылығы кешенін құру бойынша бағдарлама мен бірнеше бизнес-жоспар жасайды. Енді қаржыландыру механизмін ойластыру қажет. Облыс әкімі Серік Біләлов агроқұрылымдар жетекшілеріне осындай міндет жүктеді.

Айымгүл Әбілева