Ауыл шаруашылығы

Орман зиянкестеріне қарсы күрес

 

Жасыл желектердің жауы жұпсыз сұр көбелектермен облысымыздың орманшылары елордалық «Сәлем» әуе компаниясының көмегімен күресіп жатыр. Жерден 300 метрге дейін көтерілетін АН-2 ұшағы өсімдіктерді химиялық өңдеуге арналған екен. Дәрі құйғышының сыйымдылығы 1,5 мың литрге дейін. Бұл 24 мың га орман алқабына себуге жеткілікті. Зиянкестерден арылудың тиімді тәсілі болғанымен солтүстіктің  құбылмалы ауа райы сәл қолайсыздық танытыпты. Егер де желдің жылдамдығы секундына 4 метрден асатын болса, жәндіктерді улағыш ұшақ аспанға көтеріле алмайды екен. Күніне 20  мәрте ұшып шығуға қауқары бар әуе нысаны өңіріміздегі жауын-шашынның кесірінен мүмкіндігінің жартысын ғана пайдалана алыпты.

 Алтай Кәрібаев,  АН-2 ұшағының командирі:
– Петропавл, Қостанай, Көкшетауда негізінен зиянкестермен күресеміз. Майдың 25-нан бастап 6 мың га жерді өңдеп болдық. Ауа райының қолайсыздығына қарай кішкене созылып қалды. Бірақ та бәрі ойдағыдай жақсы өтті.  

Ұшақтан себілетін “Геркулес” инсектицидінің өсімдіктер мен жануарларға еш зияны жоқ. Химиялық қосынды тек зиянкестерді улауға арналған. Қыстап шыққан жұпсыз сұр көбелектері биыл әсіресе Жамбыл ауданында қаптап тұр. Былтыр бұл зиянкестер тек 160 гектарда кездесіпті. Биыл 1 жасқа жеткен, әзірге құрт түріндегілер 2856  га аумаққа жайылып кеткен. Бір ағаштың бойында сұр көбелектің жұмыртқа ұялары 4-ден артық кезігетін болса, мамандар бұл маңайдағы тоғайларға зор қауіп төніп тұр деп есептейді. Жапырақтарынан айырылған     қайың-теректер солып қурап қалады.  Жұмыртқа ұялары әсіресе Жамбыл ауданына қарасты Троицк орман шаруашылығында көптеп шоғырланған. Сұр көбелектердің ұялары 1200 га орман алқабында табылды. Сондықтан химиялық өңдеу бұл аумақта бірінші кезекте жүргізіліп жатыр. 2 күннің ішінде ұшақ 800 га орманды алқапты дәрілеп үлгеріпті.

Ақылбай Құсайынов, Троицк орман шаруашылығының орман шебері:
– Июль айында көбелекке айналады. 12 аптадан  кейін жұмыртқа салады, әрбірі 250 жұмыртқаға дейін салады. Қысқа уақыттың ішінде жапырақтарды жеп, ормандарды жояды. Сол үшін қазір осындай шаралар істелініп жатыр. Пайдасы болады деп ойлаймыз.  

Бұндай кешенді шаралардың пайдасын уақыт көрсетеді. 2008 жылы дер кезінде дәрілеу жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан өңірімізде 10 мың гектардан артық орман алқабы жұпсыз көбелектің қорегіне айналған.

Жеңіс Ермұқанов