Билік

Үкімет үйінде кезекті селекторлық кеңес өтті

 

 

 

Үстіміздегі жылы халық қалаулылары Үкімет басшысының атына 523 депутаттық сауал жолдаған. Оның 450-не жауап берілсе, 73 сауал Премьер-Министрдің бақылауында. Бұл бағытта осы күні тиісті шаралар қолға алыныпты. Отырыста министрлік жетекшілері депутаттар көтерген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке депутаттық сауалдарға уақытында жауап бермегені үшін ескерту жасады. Ал Әділет министріне заң жобаларына сауатты аударма жасалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Өйткені Парламент депутаттары тарапынан заң жобаларының аудармасы жиі сынға ұшырап жатады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты да сұрақ баршылық. Білім және ғылым министрі бұл жүйенің жылдан-жылға жетілдіріліп келетінін атап өтті. Үстіміздегі жылы 1500 сұрақ ауыстырылып, 109 тапсырма алынып тасталды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Үстіміздегі жылы мемлекеттік емтихан нәтижесі бойынша республикада орташа ұпай – 86,6 құраған. Көрсеткіш өткен жылғыдан артық. Сондай-ақ тест тапсырған түлектердің саны да өскен. Халық қалаулылары тарапынан оқулықтардың сапасына қатысты сауал көп түседі екен. Өткен жылдан елімізде оқулықтар 3 деңгейлі сараптамадан өткізіліп, құрамына депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін республикалық кеңесте қаралады. Оқулықтардың сапасына қатысты арнайы кеңес өткізілетін болды.
Сонымен қатар жиында ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу бағытында атқарылып жатқан жұмыс талқыланды. Өңірлерде жұмыс топтары құрылған. Иесіз қалған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне бұл мәселені қатаң бақылауға алып, қазанның біріне дейін инвентаризациялау шараларын аяқтауды тапсырды.

Айымгүл Әбілева