ТКШ

Жұмысшы кентін тазалық мәселесі алаңдатып отыр

Галина Кадышева мұндай көріністі күнде көруге мәжбүр. Мына бірнеше метрлік шұңқырды маңайдағы үйлердің тұрғындары қоқысқа толтыруда. Ауланың тазалығына алаңдаушылар соңғы кездері тұрмыстық қалдықтарды жүк көліктерімен де әкелетін болды дейді.  

 Галина Кадышева:

 

-Бір күні қоқысты үлкен машинамен әкелді. Маған оны көршім айтты. Шықсам шынымен айнала қоқысқа толы. Қандай негізде бұл жерге тұрмыстық қалдықтарды төгіп жатқандарын сұрағанда, алысқа апару қиын болған соң, осы жерге төгеміз деп жауап берді.

Заңсыз қоқыс алаңы мен үйлердің арақашықтығы 3-4 метр ғана. Желді күндері үйлердің маңына түрлі тұрмыс қалдықтары шашылып, аула қоқыс алаңына айналады. Тіпті бұл жерге өлексе мен көңді де төге бастапты. Соның салдарынан күннің ыстығында жағымсыз иіс пайда болып, шыбын-шіркей қаптайды.  

Галина Кадышева:

– Бір күні бұл жерге иттің өлігін де шығарған, айналасына шыбын үймеледі. Сол шыбын-шіркей үйімізге де кіреді. Ал аулада балалар ойнайды, ойыншықтарын жерге түсіріп алса, қанша микроб түсетіні белгісіз. Бұл бізді қатты алаңдатады.

Минск көшесінде бір де бір қоқыс жәшігі орнатылмаған. Сондықтан тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды шұңқырға тастаудан басқа амалдары жоқ. Олар қалалық әкімдікке де шағымданған екен. Бірақ әзірге нәтиже көрінбейді.

 Екатерина Ломакина:

– Мен бұл жағдайды айтып, әкімдікке де хабарластым. Бірақ ойым жүзеге аспады. Келіп көреміз деп уәде бергендерді тағатсыздана күткенмен, ешкім келмеді. Келесі күні тағы хабарласып едім, уақытымыз жоқ деп жауап берді.  

Бұл аудандағы жағдайға байланысты қандай шаралардың қолданылатындығын біз де сұрастырып көрген болатынбыз. Сауалымызға қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  бөлімінің мамандары жауап берді.

Ғали Әбдірашев, Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекші маманы:
– Жұмысшылар кентінің тұрғындары қоқысты өздері шашады да, оны жинау үшін бізге хабарласады. Қағаз жүзінде шағым түсірсе, біз ауланы қоқыстан тазартамыз. Бірақ оның қайта пайда болмайтынына сенім жоқ.

Инеш Шоқақова