Ауыл шаруашылығы

Қымыздың қадірін білетін неміс фермері

 

Ганс Зольманның фермасы осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған. Соғыс кезінде қайын атасы Рудольф Шторх тұтқынға түсіп, Қазақстанда 10 жыл лагерьде   болып, туберкулез ауруына шалдығады. Оны қазақ қымызбен 1,5 жыл емдеп,  ауруынан айықтырған. Тарихи отанына оралған неміс өз топырағында бие ұстап, қымызхана ашуды жоспарлайды. Рудольф Шторх өз кәсібін бір биеден бастаған. Ата кәсіпті жалғаған оның қызы мен күйеу баласы шаруашылықтағы жылқылардың санын 400-ге жеткізді. Оның 200-і сауын биелер.

Ганс Зольманн, фермер, Германия:
– Қазір біз таза қымызды шығарумен қатар, қымыздан жақсы балалар сүті мен тағамдарын жасауды қолға алудамыз, негізінен қымыз ұнтағынан әр түрлі косметика, спортшыларға арналған әлдендірушілерді де шығарамыз.  

Ганс Зольманн қымыздан жасалған косметика табиғи таза әрі денсаулыққа аса пайдалы дейді. Бұл сусынды Еуропа халқы жақсы біледі. Бірақ оның пайдасы ғылыми түрде дәлелденбеген. Неміс фермері оған ғылыми түрде әлем халықтарының көзін жеткізсек деген жоспарларын ала келген. Қымыз өндірісінде серіктес іздеген шетелдік фермер Алматы, Қарағанды облыстарында болған. Шаруашылықты дамытып, өнімдерін экспортқа шығаруды көздейді. Облыстағы ірі қымыз өндіруші “Арқалық” шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбай Барлыбаев бірлескен  кәсіпорынға салатын инвестиция мен даму бағытымызды айқындау үшін бизнес-жоба құру қажет деп отыр.

 Нағашыбай Барлыбаев, «Арқалық” ШҚ басшысы:
– Біздің “Арқалық” ШҚ бес жыл айналысамыз. Бұл кісінің фермасында 2 рет болдым. Олар қымызды бүкіл Германияға таратады. Зольманн сияқты Германияда 40 шақты шағын қымыз фермалары бар. бірақ олар Зольманға жетпейді. Оларда жайылым жоқ, сондықтан бізге келіп отыр.  

Неміс фермері асыл тұқымды малды өзі өсіреді. Неміс-альпі және ағылшын тұқымдарын шағылыстырып алған биелер сүтті де мол береді. Мұндай жылқының құны 2 мың евроны құрайды. Нағашыбай Барлыбаев неміс фермерімен жұмыс істеу қызықты әрі үйренетін тұстары да баршылық деп отыр. Екі жақты әріптестік оң жолға қойылса Қазақстанда құрғақ сүт пен косметика өндірісі пайда болмақ.

Дана Ғизатова