Қоғам

“Таза жағалау”

 

 

 

Кең ауқымды экологиялық акция аясында Есіл өзенінің жағасы тазаланды.  Сегіз учаскенің әрбіріне облыс орталығындағы мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары бекітілген. Акцияға қатысушыларды қоқыс шығаратын көлікпен Петропавлдың коммуналдық қызметтері қамтамасыз етті.  Қалалық жағажайда төрт ұжым еңбектенді. “Петроспецобслуживание” ЖШС, Есіл облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ және көпсалалалы колледж студенттері жағажайды абаттандыруға жұмыла кірісті.

Руслан Мақашев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:
– Қалалық жағажайда барлығы 110 адам еңбектеніп жатыр. Қоқыс шығаратын көлікпен «Петроспецобслуживание» серіктестігі қамтамасыз етті. Бұл жерден 20 текше метр қоқыс жинап шығарамыз деп отырмыз.

Қалалық жағажай аумағы түрлі тұрмыстық қалдықтарға толы. Тұрғындар өздері келіп суға түсіп, демалатын жерге қоқыс шашып тастаған. Акцияға қатысушылар жарты сағаттың ішінде-ақ жағажай аумағынан бес-алты текше метр қоқыс жинап алды. Айту керек, жастар абаттандыру шарасына айырықша белсенді қатысуда.  Абаттандыру шарасы қалалықтардың қолдауына ие болды. Ең бастысы өзіміз қоршаған ортамызды ластамай, жауапкершілікпен қарағанымыз жөн дейді жұртшылық.

Владимир Тимошин:
Жағажайға келіп демаламыз, тынығамыз. Сондықтан өзімізден кейін қоқыс қалдырмай, оны тазалықта ұстау керек. Мынау бүгінгі акцияны қолдаймын. Игі шара. Әсіресе, жастар белсенділік танытып жатыр.  

Сонымен қатар “Таза жағалау” акциясы аясында Пестрое көлінің жағасы да қоқыстан арылды. Бұл жерде бес мекеменің қызметкерлері еңбектенеді.

 Айымгүл Әбілева