Аптадағы маңызды жаңалықтар

Израильдің мал өсіру тәжірибесі

 

 

 

 Израильдегі сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіретін ең үлкен фермалардың бірінде сауын сиырлардың әрбірі жылына 12 мың литрге дейін сүт береді екен. Өнім елдің барлық өңірлеріне жөнелтеді. Солтүстікқазақстандық делегация ферма жұмысымен танысты. Израильдіктер мұндай жоғары өнім алу үшін малдарға барлық қажетті жағдай жасау керектігін айтады.

Давид Фраге, мал фермасының өкілі, Израиль:
– Жұмыс істеу керек, жаңа технологияларды қолдануға ұмтылу қажет. Тағы бір өте маңызды жәйт, малдарға жақсы күтім керек. Оларды дұрыс азықтандырудың маңызы зор.
Сонда ғана сиырлар мол сүт береді. Табысқа жетудің кілті осы деп ойлаймын.

Озық технологияларды кеңінен қолданудың нәтижесінде израильдіктер үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Фермада барлығы автоматтандырылған. Сиырлар жөнінде ақпарат компьютерге енгізілген,ал малдардың аяғына бекітілген құрылғы арқылы оның жағдайын білуге болады. Бұл жоғары технологиялық процесс солтүстікқазақстандықтардың зор қызығушылығын тудырды.  Фермада  барлық жұмыстар техника көмегімен оырндалады.  Ал  қоршауды фермадағылар “Техасс қақпасы” деп атайды екен. Бұл жерде барлығы ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған.

Давид Фраге,  ірі қара мал фермасының өкілі, Израиль:

-Көріп тұрсыздар, мұнда ешқандай қоршау жоқ.  Сиыр аяғының астында жол жоқ екенін сезеді де, әрі қарай бармайды.

Сүт фермалары біздің облыста да бар. Қызылжар ауданындағы “Лұқбанов” шаруашылығындағылар биыл етті және сүтті ірі қара мал өсіруді қолға алмақшы. Бұл ретте израильдіктердің тәжірибесі қызық-ақ дейді серіктестік директоры Мұхамеджан Лұқбанов.

Мұхамеджан Лұқбанов,  “Лұқбанов” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Биыл жоба қолға алмақпыз. Етті бағыттағы 1400 репродуктор және 400 басқа шақталған сүт фермасына жоба жасап жатырмыз. Израильге келіп, қазіргі заманғы технологияларды көріп жатырмыз. Жұмыстары бәрі маған ұнады. Осы технологияларды бізде де қолданамыз деп ойлаймын.

Ал “Тайынша -Астық” шаруашылығының сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіруде тәжірибелері бар. Серіктестік директоры Анатолий Рафальскийдің айтуына қарағанда, қазір бір сиыр жылына 6-7 мың литр сүт береді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен серіктестіктегілер сүтті бағыттағы мал шаруашылығын әрі қарай дамыта беруді көздеп отыр. Құрылым басшысы мал азығына үлкен мән беру керек дейді. Мәселен, Израильде бірінші кезекте жем-шөп базасы қамтамасыз етіледі.

Анатолий Рафальский, “Тайынша Астық” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– Қазіргі заманғы жаңа технологияларды енгізу қажет. Және бірінші кезекте малдардың азығын байыту жағына үлкен көңіл бөлу керек.
Міне бұл мәселеде Израиль алда келеді. Мұнда сиырлар жылына он мың литрден артық сүт береді. Өте жоғары көрсеткіш.  

Қой шаруашылығы да осындай жүйе бойынша жұмыс істейді. Солтүстікқазақстандық делегация қой өсіретін фермада болды. Ет пен жүнінен өзге бұл жерде әрбір бастан мың литрге дейін сүт сауады. Бұл өнім өте пайдалы және Израильде сұранысқа ие. Израильдік әріптестерінің тәжірибесі солтүстікқазақстандық агроқұрылым жетекшілерінің үлкен қызығушылығына ие болды.

Серік Малаев, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
Мал шаруашылығын дамытуда бұлар үлкен жетістіктерге жетіп отыр.Жоғары деңгейлі технологияларды енгізуде. Мал бордақылау жағынан, сауын сиырлармен айналысу жағынан көп жетістіктерге жетуде. Осыны көріп, егжей-тегжейіне жетіп, біз өзімізде қолданамыз деген ой бар.  

 Еркебұлан Мәмбетов,  “Мамбетов и К” командиттік серіктестігінің бас директоры:
– Израиль еліне келіп, озық технологияларды өз көзімізбен көріп жатырмыз. 12 кәсіпкер келді облыстан. Соның арасынан осыны қолдайтын адам табылады деп ойлаймын.  

Жаңа технологияларды қолдану израильдіктерге қолайсыз ауа райы жағдайында шикізат өндіріп қана қоймай, оның мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда фермерлік шаруашылық өкілдері солтүстікқазақстандық әріптестерімен мол тәжірибелерімен бөлісуге әзір.

 Ави Хей, “Ган Шмоэль” фермасының жетекшісі, Израиль:
– Бізде климат жағдайы өте қиын.
Сондықтан жоғары технологияларды енгіздік. Және бұл тәжірибемізбен өзге елдермен бөліскіміз келеді. Бұл ретте әріптестік қарым-қатынас орнатып та жатырмыз.

Облыс әкімі Серік Біләловтың айтуына қарағанда, солтүстікқазақстандықтар израильдік әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға әзір. Бұған жетуде осы сапар алғашқы қадам болып отыр.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Біз аграрлық сектордың барлық салаларын байқап көрдік. Балық, етті және сүтті ірі қара мал, қой шаруашылығымен айналысатын фермалар, жылыжай кешендерінде болдық. Солтүстікқазақстандық  ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері осындай жобаларды қолға алуға қызығушылық танытып отыр. Біздің облыста осындай жылыжай кешендерін ашып, етті, сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға жағдай бар. «Қазагро» және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы шаруашылық басшылары осы бағыттарға жұмыс істей алады.  

 Айымгүл Әбілева