Аптадағы маңызды жаңалықтар

Израильден үйренетініміз аз емес

 

Израиль аумағының алпыс пайызы – шөл дала. Сондықтан мұнда су тапшылығы айқын сезіледі, бұл ретте оны тиімді пайдалану мәселесі туындайды. Ал көпжылғы тәжірибе бұның израильдіктердің қолынан келетінін көрсетіп отыр. Израильде үш күндік сапармен болған солтүстікқазақстандық делегация кәріздік суды тазалайтын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бұл жерде судың 70 пайызын арнайы технологияның көмегімен тазартады. Тазартудың бес сатылы жүйесінен өткеннен кейін су қайта пайдалануға жарамды. Тазартылған су толығымен ауыл шаруашылығында қолданылады екен. Мәселен, оны алқаптарды тамшылап суару жүйесінде пайдаға жаратады. Бұл жүйенің қаншалықты тиімді екенін солтүстікқазақстандықтар өз көздерімен көрді. Олар Израиль мемлекетіндегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірінде болды. Бұл жерде көкөністің барлық түрін өсіреді. Тіпті жидек те бар. Жылыжайда көкөністің өсіп-өнуі үшін қажетті микроклимат жасалған . Ең бастысы – олар суарылады, тағы бір маңызды жәйт – қолайлы температура болуы үшін жылыжайда арнайы кондиционерлер орнатылған. Айту керек, тамшылап суару жүйесі біздің облыста да қолданылады. Тайынша ауданындағы “Астык STEM” ЖШС-гі бұл технологияны өткен жылдан қолға алған. Серіктестік директоры Сергей Звольскийдің айтуына қарағанда, бұл істі израильдік әріптестерімен бастаған көрінеді. Жаңа технологияларды қолданудың нәтижесінде “Астык – STEM” өңірімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.

Сергей Звольский, “Астык-STEM” ЖШС директоры , Тайынша ауданы:
-Біз алғашқы жылы 20 гектар жер алып, 15 гектарына сәбіз, қалған жерге басқа көкөніс отырғыздық. Былтырғы жылғы қуаңшылыққа қарамастан жақсы өнім – гектарынан 50 тонна сәбіз жинап алдық. Сөйтіп бұл жоба бір жылдың ішінде өз-өзін ақтады. Биыл енді жер аумағы кеңейтіп, тағы 83 гектар алып отырмыз.

Бұндай жобалар тек қана СҚО-да қолға алынбаған. Израильдік мамандар еліміздің өзге өңірлерімен де тығыз әріптестік орнатыпты.

Борис Молдавский, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша кеңесші, Израиль:
– Біз Шымкент, Алматы, Астана қалаларымен жұмыс жасаймыз. Бұған дейін Атырау, Қызылорда өңірлерінде жобаларымыз болды. Мен солтүстікте жақсы өнім жинап алуға болатынына сенімдімін. Біз бастапқыда СҚО-на мамандарымызды жіберуге әзірміз. Олар сіздермен тәжірибе бөліседі. Содан кейін өздеріңіз-ақ жұмыс жасай бересіздер.  

Солтүстікқазақстандықтар “Биодизель” зауытында да болды. Кәсіпорын дизель отынын өндіреді. Ал шикізат ретінде мал және өсімдік майын пайдаланады. Майды өңдеудің нәтижесінде осындай өнім алуға болады екен. Дизель отынының бір тоннасы 3 мың теңге. Бұл технология солтүстікқазақстандықтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Өңір басшысы Серік Біләловтың пайымдауынша, мұндай биоотынды біздің облыста әлеуметтік нысандарды жылытуда пайдалануға болады.

Айымгүл Әбілева